Павлодарда арзан қант сатқысы келген ер адамның бас бостандығы шектелді

Павлодарда арзан қант сатқысы келген ер адамның бас бостандығы шектелді

2022 жылдың тамыз айында ақшаға мұқтаж болған 35 жастағы ер адам өзінің танысына қанттың бір келісін нарықтық бағадан төмен 410 теңгеден сатқысы келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Мұндай ұсынысқа  сеніп қалған тұрғын бұл туралы өзінің ағасына ұсынады. Осылайша арзан қанттың 2 тоннасы  үшін бірінші сатып алушы 309 мың теңге, екіншісі 640 мың теңге  төлеген.   

Бірнеше күннен кейін ер адам досына қайта телефон соғып, жеткізуге ақшасы жетпейтінін айтқан және қалаға келген бойда қайтарып беремін деген уәдемен қарызға 129 мың теңге сұраған. Осылайша ақшаны алған «сатушы» тұтынушылармен байланысын тоқтатқан.

Сотта сотталушы екі жәбірленушіге ай сайын 100 мың теңге көлемінде шығынды өтеп беретінін айтып, өз міндеттерін орындамағаны бойынша ғана кінәсін мойындады.

Үкім Павлодар қаласының № 2 сотында шығарылды.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын», - делінген үкімде.

Айыпталушы бір ай ішінде жәбірленушілерге 390 000 және 640 000 теңге материалдық шығынды өтеуі тиіс.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.