Павлодарда табиғи монополия субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды

Павлодарда табиғи монополия субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Онда бекітілген тарифтік сметаның орындалмауы анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәлімдеуінше, «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің сарқынды суларды бұру және тазарту қызметтері бойынша талдау жүргізілді. Нәтижесінде бекітілген тарифтік сметада көзделген шығын баптарының 5 пайыздан астамы, яғни 948,6 мың теңге көлемінде орындалмағаны анықталды.

Осыған байланысты, аталмыш департамент «Павлодар-Водоканал» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалды. Онда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша қысқартылған тәртіппен айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Серіктестік қызметтік міндетін толық атқармағаны үшін мемлекеттік бюджетке 3 460 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төледі. 

Айта кетелік, «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес табиғи монополия субъектісі бекітілген тарифтік сметаны орындауға міндетті.