Павлодарда қосымша білім беру ұйымдарының әдістемелік қызметі талданды
М.М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында облыстың қосымша білім беру әдіскерлерінің шығармашылық тобының отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараның тақырыбы – «Жаңа әдістерді әзірлеу және енгізу арқылы жұмыс жүйесін жетілдіру».
– Әдістемелік жұмыс педагогтарға тәжірибе алмасуға, жаңа әдістер мен технологияларды үйренуге, сондай-ақ өз біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік береді, – деді әдіскер Айнұр Альханова.
Облыс педагогтары қосымша білім беру ұйымдарының әдістемелік қызметіндегі негізгі мәселелерді талқылады, шығармашылық топтың бір жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті, қазіргі уақыттағы өзекті іс-шаралар белгіленді.
Отырыс спикері ретінде Шарбақты ауданы білім беру бөлімінің «Радуга» мектептен тыс жұмыс орталығының әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Әсем Қасенова «Әдістемелік қызмет және оның қосымша білім беру жүйесіндегі ерекшелігі» атты семинар өткізді.
Отырыстың барлық қатысушылары белсенді жұмыс істеді, өз ойларын ортаға салды, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар Әсем Қасенова «Әдіскердің кейсі» тақырыбында миға шабуыл жасап, қатысушылар қосымша білім беру ұйымдарының әдістемелік қызметінің негізгі бағыттарын талдады.
Отырыстың соңында қатысушылар «Көшпелі мектеп» жобасы аясында көркемдік-эстетикалық бағыт бойынша шеберлік сағаттарын өткізуді және қосымша білім беру педагогтеріне әдістемелік көмек көрсетуді сұрады.