Ақсу тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» аясында қанша жобаны жүзеге асырды?
Бағдарлама аясында жобалар қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Марат Зеновтің мәлімдеуінше, 2023 жылы Ақсуда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша бес жоба іске асырылды.
– Атап айтқанда, иттерді серуендетуге арналған алаңды орнату, Әуезов көшесі, 22 жанындағы тротуарды абаттандыру, Ақсу шағын ауданындағы Театр көшесіндегі тротуар жолы, Әуезов көшесіндегі бульвардағы элиминациялық арка және Ақсу шағын ауданындағы футбол алаңы, – деді Марат Зенов.
Аталмыш бағдарлама бойынша 2024 жылы іске асыруға 8 жоба жоспарлануда. Бұл – Құрылысшылар көшесіндегі тротуар жолын жарықтандыру, Әуезов көшесі, 40 мекенжайындағы балалар алаңын қайта жаңарту, Әуезов көшесі, 5 аула аумағын абаттандыру, Астана көшесі, 41, 45, 47 мекенжайы бойынша аулада балалар алаңын орнату, Қамзин, 4 мекенжайы бойынша іргелес аумаққа футбол алаңын орнату, Дөнентаев, 40 мекенжайы бойынша балалар алаңын қайта құру, Беловка шағын ауданында ойын алаңын жәнеТеміржол көшесіндегі ауладағы спорт алаңын орнату.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары 2025 жылға да сегіз жоба жоспарланғанын атап өтті. Бұл бастаушы жүргізушілердің практикасына арналған автодром, жабық тұрақ, балалар ойын алаңы, тротуар жолын жарықтандыру, үй маңындағы аумақты абаттандыру, көгалдандыру, велосипед тұрағы сияқты жобалар.
Бұдан бөлек,, Екібастұз қаласында 2025 жылы «халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тоғыз жоба жүзеге асырылады.