Павлодарда азық-түліктің бағаларына мониторинг жүргізілді
Тауарға үстеме баға он бес пайыздан аспауы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаланың кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстау шеңберінде бағаларға тұрақты негізде мониторинг жүргізілді.
Сондай-ақ, бөлшек сауда субъектілерімен өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-дан аспайтын белгіленген үстеме мөлшерлемесінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-4-бабына сәйкес ішкі сауда субъектісінің Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген тауарлық үстеме мөлшерінен асып кетуі ескерту жасауға әкеп соғады; әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне 10 АЕК (36920 теңге), орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне 75 АЕК (276900 теңге) мөлшерiнде және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК (1107600 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – деп түсіндірді бөлімде.
2023 жылы 18 бөлшек сауда субъектісінде заң бұзушылықтар анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Ағымдағы жылы 13 бөлшек сауда субъектісінде заң бұзушылықтар анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды.
– Бұл нысандар бөлімнің тұрақты бақылауына алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және Павлодар қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бақылауында, – делінген хабарламада.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауына жедел шара қолдану үшін бөлімде 320730 сенім телефоны жұмыс істейді.