Павлодарда түн ішінде жанжалдасқан ерлі-зайыптыны полиция тыныштандырды
Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен түнде сағат 01.54-те Астана көшесі, 53 үйінің тұрғыны көршілеріне шағымданған.
– Ерлі-зайыптылар түн ортасында айналасындағыларға кедергі болатынына мән бермей, қарым-қатынастарын анықтаған. Келген кезде полиция мас күйде болған ер мен әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, профилактикалық әңгіме жүргізілді, – дейді департаментте.
Сағат 02.51-де Сұрағанов көшесі, 5 мекенжайындағы қала тұрғындары үйдің ауласында екі көлікпен келген жастар музыканы қатты тыңдайтыны туралы шағымданған. Тек екінші шақырудан және хаттамадан кейін ғана үйдің ауласында толық тыныштық орнаған.
Айта кетерлігі, облыс аумағында тыныштықты бұзғаны үшін ағымдағы жылдың қаңтар айында 500-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.