Павлодарда рейд барысында заңсыз әрекеттердің жолы кесілуде

Павлодарда рейд барысында заңсыз әрекеттердің жолы кесілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Құқықтық тәртіп» рейді басталғалы бері 500-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заң аясында шаралар қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол жүру ережелерін бұзудың 70 дерегі, қоғамдық орындарда ішімдік ішу бойынша 50 факті және ұсақ бұзақылықтың 15 жағдайы тіркелген.

Сонымен қатар, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 100-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына алкогольдік мас күйінде болған 92 адам жеткізілді.

– Мысалы, Павлодар қаласында Қамзин мен Ломов көшелерінің қиылысында Hyundai Accent көлігі тоқтатылып, оның жүргізушісінің «Region driver» қосымшасы арқылы тіркеусіз жолаушы тасымалдаумен айналысқаны белгілі болды. Бұл факт бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ, патрульдеу кезінде баласына алимент төлеуден қасақана жалтарған, 4 миллион теңге көлемінде қарызы бар борышкер анықталды, – деді ведомствода.

Полиция департаменті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау басты міндет екенін атап өтті. Тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын рейдтік іс-шараларға түсіністікпен қарап, қырағылық танытуға шақырады.

Айта кетейік, «Құқықтық тәртіп» республикалық рейді 20 наурызға дейін жалғасады.