Павлодарда түнде жүрген жасөспірім үшін дәмхана иесі жазаланды

Павлодарда түнде жүрген жасөспірім үшін дәмхана иесі жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Материал сотқа жіберілді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ювеналды полиция қызметкерлері күн сайын кәмелетке толмағандардың қатысуымен қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша рейдтер жүргізеді.

– Сағат 23.45-те 17 жасар кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз Н.Назарбаев даңғылындағы дәмханада жүргені анықталды.  Кәмелетке толмағанның мекемеде болуына жол бергені үшін дәмхана иесі жауапқа тартылды, материал сотқа жіберілді. Сондай-ақ, баланың түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде заңды өкілінің еріп жүруінсіз болғаны үшін ата-анасы да жазаланды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы  Солтүстік полиция бөлімі ювеналды полициясының аға инспекторы Ирина Емцова.

Сондай-ақ Ертіс ауылында сағат 00.00 шамасында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген кәмелетке толмаған бала тоқтатылды. Ұлын үйіне алып кетуге мәжбүр болған ата-анасына қатысты бұған дейін әкімшілік хаттама толтырылған.

Айта кету керек, ағымдағы жылы облыс бойынша ойын-сауық мекемелерінің 14 иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың қызметкерлері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз болуына жол берген. 

Кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына жол бергені үшін 256 ата-ана жауапкершілікке тартылды.