Павлодарда түнгі рейд кезінде ішімдік ішіп жүрген жасөспірімдер анықталды

Рейдтің басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында өткізілген «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері түнгі уақытта заңды өрескел бұзған бірнеше жасөспірімді анықтады.
Екі күн ішінде тәртіп сақшылары түнгі уақытта көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген 107 жасөспірімді анықтаған. Жалпы, рейд кезінде 150-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді.
– Жеті жасөспірімнің мас күйінде жүргені белгілі болды. Сағат 23:00 шамасында Малайсары батыр көшесіндегі ойын-сауық орындарының бірінен 16 жастағы жасөспірім табылса, Сәтбаев көшесінде бір бала аулада алкоголь ішіп отырған жерінен ұсталды, – деді облыстық полиция департаментінде.
Түн ортасына қарай қаланың орталық жағалауында ата-анасыз жүрген тоғыз жасөспірім анықталды.
Тәртіп сақшылары тек көшелерді ғана емес, есепте тұрған 61 жасөспірімнің тұрғылықты мекенжайларына да барып, олардың тұрмыс жағдайын тексерді. Полиция қызметкерлері ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, тоғыз жасөспірімді және 11 ата-ананы тәрбие жұмыстарынан жалтарғаны үшін есепке қойды. Тәртіп бұзған ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.