Павлодарда трамвай аялдамасында алкоголь ішкен ер адам орталыққа жеткізілді
Жыл басынан бері ішімдік ішкені, мас халде қоғамдық орындарда болғаны үшін 117 азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам оқушылар сарайының жанындағы трамвай аялдамасында жайланып отырып, алкоголь ішкен. Мұндай көрініске ашуланған азаматтар полицияға қоңырау шалған. Сонымен қатар М. Жүсіп көшесінде алкоголь ішіп отырған жігіттер өтіп бара жатқан адамдардың ескертуіне дөрекі жауап берген.
– Әйел адам Бектұров көшесіндегі үйдің жанында мас адам келе жатқанын хабарлап, полицияға қоңырау шалған. Ол ойнап жүрген балаларды қорғау үшін көмек сұраған. Полиция оқиға орнына бірнеше минуттан кейін келген. Ер адам қалтырап, аулада бір бөтелке алкогольмен жүрген, – деді департаментте.
Барлық ұсталғандар уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды және олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.