Павлодарда варениктер жасап, дирижерді еске алды
Шафер мұражай-үйінде белгілі композитор және дирижер Исаак Дунаевскийді еске алу кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш бағдарлама композитордың туғанына 124 жыл толуына арналған. Еске алу кешіне зиялы қауым өкілдері, студенттер мен зейнеткерлер қатысты. Іс-шара барысында Наум Шафердің коллекциясындағы күйтабақтарда сақталған әндер шырқалды.
Исаак Дунаевский – 12 опереттаның, төрт балеттің, ондаған фильмдер музыкасының және кеңестік дәуірде танымал көптеген әндердің авторы.
– 30 қаңтар – Исаак Дунаевскийдің туған күні. Кеңес заманынан бері Шафер отбасы жылдағы дәстүр ретінде варениктер жасап, Исаак Дунаевскийдің туған күнін ерекше атап өтетін. Биыл да дәстүр бойынша композитордың туған күнін варениктермен тойладық. Наум Шафердің жұбайы Наталья Капустина желтоқсан айында науқастанып қалған еді. Оған «Дәстүрімізді сақтап қалуымыз керек» деп айтқанымызда, оның көздері оттай жанады. Бұл ұсыныс оған ерекше күш берді, – дейді Шафер мұражай-үйі басшысының ғылым жөніндегі орынбасары Мағзия Әбенова.
Оның айтуынша, Наталья Капустина 91 жаста болса да есте сақтау қабілеті әлі де жоғары. Ол музейде қайнақшалармен күтетіні туралы естігенде ойланбастан «мен міндетті түрде келемін» деген. Бұл оның Дунаевскийді еске алуға деген шынайы құрметі және жолдасына деген ілтипаты деп айтуға болады.
Наум Шафердің үмітін ақтау – мұражайға қойылған басты міндеттердің бірі. Қазіргі таңда Наум Шафердің бай мұрасын павлодарлықтарға табыстау рәсімі аяқталуға жақын қалды.
– Ол әрдайым Павлодар тұрғындарына жинақтарын қалдыратынын айтып жүрді. Барлық шешім түпкілікті қабылданған кезде жазбалар, кітаптар, журналдар, дыбыс жазу аппаратуралары бойынша нақты санды айтамыз. Бүгінде қала әкімінің мәдениет басқармасының меншігіне мүлікті меншікке беру туралы қаулысы шықты. Топтаманың ішінде жинақ бар екені анықталды. Бұл – Дунаевскийдің әндері жазылған жазбалар. Олардың арасында пластинаның әртүрлі диаметрлері бар, – дейді Мағзия Әбенова.
Оның сөзінше, Наум Шафер композитордың отбасымен жеке таныс болған. Жанкүйері ретінде Дунаевскийдің өзі қол тигізген және тыңдаған жазбаларын жинақтаған. Бұл іс Наум Шафер Григорьевичтің жаны мен жүрегін ерекше жылытатын.
Еске алу кеші музыкатанушының сүйікті «Алтын айдың астында» әнінен басталды. Дунаевскийдің «Көңілді жел туралы ән», «Мектептегі вальс», «Жүрек» атты әуендері шырқалды. Сонымен қатар, мұражайға келушілер негізінен күйтабақтарды тыңдайды.
Айта кетейік, мұражай қызметкерлері ескі радиоларды, күйтабақтарды қабылдауға дайын. Алдағы уақытта мұражайда тағы бір экспозициялық алаң ашылуы мүмкін.