Павлодарда заманауи автодром іске қосылды

Павлодарда заманауи автодром іске қосылды

Бұл нысан жүргізушілік дағдыларды тәжірибе жүзінде шыңдау және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Автодромның ашылуы – өңірдегі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба.

Жобаның жалпы құны 600 миллион теңгеден асады. Қаржы толығымен облыстық бюджеттен бөлінді.

Автодромда жол қозғалысы ережелеріне сәйкес жасақталған түрлі жаттығу аймақтары, қиылыстар, жол белгілері мен бағдаршамдар қарастырылған. Бұл болашақ жүргізушілерге қала ішіндегі күрделі жағдайларды алдын ала меңгеруге мүмкіндік береді.

Павлодар облысы әкімінің айтуынша, басты мақсат – жүргізушілерді сапалы оқытып, қаланың ішінде емес, арнайы жабдықталған аумақта машықтандыру.

–   Ең маңыздысы – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қала ішінде емес, осы автодромда машықтанған жүргізуші кейін көлікті ережеге сай басқарып, тәжірибелі жүргізуші ретінде жолға шығады, – деді Асайын Байханов.

Жобаны іске асыру жұмыстары биыл мамырда басталған болатын. Автодромға келген әр тұрғын тәжірибелі нұсқаушының көмегімен жүргізушілік тәжірибесін дамыта алады. Егер автомектеп болса, онда олар бұл автодромда тегін жаттыға алады, ал егер жүргізуші жеке көлік басқаруды үйренемін десе, онда нұсқаушымен байланыс орнатуға болады. Бұл ақылы негізде болмақ.

Автодромда 4-5 нұсқаушы бір мезетте оқыту жұмыстарын жүргізе алады. Бұл ретте арнайы кесте жасалып, нысанға келушілер мен жаттықтырушылар арасында тәртіп сақталады.

Қыс мезгіліне арналған мұзды аймақ та қарастырылады. Бұл жүргізушілердің қыста көлік басқару машығын үйренуіне мүмкіндік береді.

Көлік – бүгінгі таңда қажеттілікке айналды. Жыл сайын қалада көлік саны өсуде. Сондықтан жаңа жүргізушілерді сапалы оқыту – біздің басты міндетіміз, – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, 1990 жылдары Павлодарда барлығы 60 мың көлік болса, бүгінде олардың саны 220 мыңнан асты. Бұл өз кезегінде жол инфрақұрылымына түсетін салмақты арттыруда.

Мына автодром әдемілік үшін істелінген нәрсе емес. Бұл азаматтардың қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолда жүру ережелерін сақтау үшін жасалған игі іс деп айтуға болады, – деді Асайын Байханов.

Еске сала кетейік, автодромның жобасы толықтай қалалық инфрақұрылымның кішкентай көшірмесі ретінде жасалды.