Павлодарда жұмысшы мамандық иелері баспаналы бола алады

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында 17 наурыздан бастап үй алуға өтініш беруге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бастау алған бағдарламаға өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларының жұмысшы мамандықтары қатыса алады. Өтініштер банк бөлімшелерінде қабылданады.
Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтар өкілдеріне 72 миллиард теңге көлемінде 2440 несие беру жоспарланып отыр. Аталмыш бағдарлама – көбіне белгілі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі.
Бағдарламаға қатысу үшін Отбасы банкінде депозит ашу керек (егер болмаса), депозитті екі миллион теңгеге дейін толтыру қажет.
– Соңғы бес жыл ішінде өзіңіз бен отбасы мүшелерінде жылжымайтын мүлік болмауы шарт. Сондай-ақ, соңғы алты айдағы ресми кірісті растау қажет. Отбасы мүшелерінің қатарына ерлі-зайыптылар мен кәмелеттік жасқа толмаған балалар жатады, – деді «Отбасы банк» АҚ Павлодар филиалы бизнес дамыту бөлімінің бастығы Арман Нұрғаламов.
Ол займ шарттары тұрғылықты жерге байланысты: Астана және Алматы қалаларында займ сомасы 36 млн теңгеге дейін жетеді, ал облыс орталықтарында 30 млн теңгеге дейін екенін атап өтті. Қолжетімді баспанаға Астана, Алматы және облыс орталықтарындағы бастапқы тұрғын үй кіреді, сонымен қатар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі қайталама тұрғын үй жатады.
– Қайталама нарықта аудан орталықтары мен шағын қалаларда да баспана алуға мүмкіндік бар. Бастапқы жарна пәтер таза әрлеуде болса – 10 пайызға дейін, ал әрленбеген болса – 20 пайызға дейін. Несие бойынша мөлшерлеме әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтар үшін 7 пайызды, қалғандары үшін 9 пайызды құрайды. Несие мерзімі – 19 жылға дейін, – деді Арман Нұрғаламов.
Сондай-ақ, «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар Отбасы банкі отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім шеңберіңде жұмыс істейтін болады. Бұл кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне несие беруі үшін қаражат бөлуін білдіреді.