Есірткіге қарсы телекөпір Павлодар және Ақмола облыстарының жастарын біріктірді

Онлайн-кездесуге колледж студенттері, құқық қорғау органдарының өкілдері, медицина мамандары мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының Жастар бастамаларын дамыту орталығының алаңында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері Павлодар және Ақмола облыстарының жастарын біріктіретін есірткіге қарсы телекөпір ұйымдастырды.
Сарапшылар тыйым салынған заттарды қолдану мен таратудың зиянды салдары туралы, сондай-ақ осы саладағы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік туралы айтты.
– Жастармен ашық диалогқа ерекше көңіл бөлінді. Телекөпірге қатысушылар нашақорлық мәселесі туралы өз пікірлерін белсенді түрде білдірді, жеке көзқарастарымен бөлісті және жастар арасында есірткі заттарының таралуына қарсы тұру жолдарын талқылады. Талқылау барысында студенттер мен оқушылар салауатты өмір салтын сақтау және құрдастарын деструктивті компаниялардың ықпалынан қорғау туралы кеңестермен алмасты, – деді облыстық полиция департаментінде.
Сонымен қатар, жастар есірткіге қарсы насихатты күшейту бойынша бірқатар бастамаларды ұсынды, соның ішінде интерактивті іс-шаралар, тақырыптық флешмобтар өткізу және әлеуметтік желілерде жұмысты күшейту. Бұл ұсыныстарды ұйымдастырушылар қолдап, әрі қарай іске асыру үшін қаралатын болатынын атап өтті.
Есірткіге қарсы телекөпір жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мәселелері бойынша өңіраралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды. Мұндай іс-шараларды жүйелі түрде өткізу, олардың форматын кеңейту және одан да көп қатысушыларды тарту жоспарлануда.