Павлодарда жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігі күшейтілді
Өңірде «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Акцияның негізгі мақсаты – балаларды жол-көлік оқиғаларынан қорғау және оқушылар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.
Оқу жылы қарсаңында мектептер мен білім беру ұйымдарының маңындағы полиция бақылауы күшейтіледі. Қазіргі уақытта мектептерге жақын орналасқан жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жол белгілері мен жол таңбаларының жай-күйі тексерілуде. Сонымен қатар мектеп автобустарының техникалық жағдайы және балаларды тасымалдау қауіпсіздігі бақылауға алынған.
Тексеру нәтижесінде білім беру ұйымдарының жол инфрақұрылымына қатысты 548 нұсқама берілді.
Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға және мектеп маңында аса мұқият болуға шақырады. Әсіресе балалардың жолға күтпеген жерден шығып қалуы мүмкін екенін ескеру қажет.
– Ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуді ескертесіз. Балаларға мектепте, көшеде, қоғамдық көлікте және интернетте өзін қауіпсіз ұстау ережелерін тұрақты түрде түсіндіріп отырған маңызды, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Балалардың қауіпсіздігі – ата-ана, педагог, жүргізуші және жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігінде екенін естен шығармаған абзал. Жаңа оқу жылында әрбір бала мектепке барып, үйіне аман-есен оралуы үшін қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.