Асайын Байханов балалар ауылының тәрбиеленушілерін Наурыз мейрамымен құттықтады
Аймақ басшысы отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылына барып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен бірге Ұлыстың ұлы күнін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кішкентай бүлдіршіндерге өзінің тілектерін айтып, жыл басының келуімен құттықтады.
– Сіздермен жүздесу жақсы дәстүрге айналды. Келіп жеткен Наурыз мейрамы сіздерге тек қуаныш сыйласын. Дендерің сау болып, биіктен көріне беріңдер. Біз сіздердің жетістіктеріңізбен мақтанамыз. Өмірде жолдарың әрдайым ашық болсын, – деді облыс әкімі.
Балалар материалдық жағынан барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілгенімен, оларға отбасы мейірімі жетіспейді. Олар ең басты құндылық - ата-ана махаббатынан айырылған. Тәрбиеленушілерге жаңа отбасын табуға «Тәлімгерлер» жобасы көмектеседі. Жоба туралы «Үміт үзбеу» ҚҚ басшысы Гаухар Омарова айтып берді.
Кездесу соңында мектеп педагогтары «Бауырсақ party» шеберлік сабағын өткізіп, барлығының сүйікті тағамын дайындауды үйретті. Ал, тәрбиеленушілер ұлттық ойындарға, айтысқа қатысып, халық күйлерінен попурри, сондай-ақ, «Наурыз думан» әнін шырқады.