Павлодарлық депутаттар су басқан ауыл тұрғындарына қандай көмек көрсетті?

Павлодарлық депутаттар су басқан ауыл тұрғындарына қандай көмек көрсетті?
Фото: «AMANAT» партиясы

Үйлері су тасқынынан зардап шеккен отбасылар есепке алынып, материалдық өтемақы алатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай, «AMANAT» партиясының өңірлік филиалының төрағасы Илья Теренченко, фракция депутаттары Асылбек Туғанбай, Қалауиден Ибрагимов, Беслан Уюкбаев ең көп зардап шеккен Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылына барып, жағдаймен танысып қайтты. Ауылдардағы жолдарды су шайып, кей жерлерде тілсіз жаудың деңгейі жарты метрге жетті.


Депутаттық корпустың жалпы күш-жігерімен қысқа мерзімде бірінші кезекте қажетті техника мен өнімдерді сатып алу үшін қаражат жиналды. Су сорғылары, шелектер, күректер, резеңке етіктер, қолғаптар сатып алынды. Ауыз су, нан, макарон өнімдерін және тағы да басқа азық-түлікті әкелініп, зардап шеккендерге дереу жеткізілді.  

– Күре жолдың бойындағы Қараоба, Жаңабет, Мүткенов ауылдарындағы ахуалға көз жеткіздік. Бұл елді мекендерде қарғын судың беті қайта бастаған. Бұл жерде арнайы мамандардан бөлек, жергілікті тұрғындар мен ауыл әкімдерінің еңбегін ерекше атаған жөн,– деді Жарқынбек Амантай.


Оның сөзінше, Жалаулы ауылындағы жағдай күрделірек. 

– Өзі ойда орналасқан ауылға қырдан келген қар суы оннан астам үйдің ішіне еніп, ауласын басып қалған. Зардап шеккен тұрғындар туыстардың үйін паналауда. Ал, ауыл маңын судан арылту үшін арнайы техникалар жұмылдырылған. Сонымен қатар, Жалаулының арғы жағындағы Шолақсор ауылына да су басу қаупі төнгендіктен бірқатар техника сол бағытқа да жөнелтілген екен,– деп атап өтті Мәжіліс депутаты. 


Жалаулы ауылының тұрғындары соңғы рет тасқын су үйлердің ішіне кіріп кету жағдайы осыдан 40 жыл бұрын болды деп айтады. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай күрделі мәселенің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өтті.

– Кеше Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізіп, бірқатар нақты тапсырма берді. Құтқару қызметтері тәулік бойы жұмыс істеуде. Баспанасы бүлінген отбасылар есепке алынып, материалдық өтемақы төленеді,– деді ол. 


Облыстық төтенше жағдайлар басқарма басшылығының айтуынша, су сорғызуды үдете түсу үшін өзге аудандардан қосымша су айдау құрылғылары жеткізіледі. Олар қысқа уақытта ауылды қарғын судың құрсауынан құтқаруға барын салуда.

Айта кетер жай, «AMANAT» партиясы фракциясының өкілдері, облыстық мәслихат депудаттары тұрғындарға азық-түлік, резеңке етік, құрал-сайман сияқты тағы басқа сынды қажетті заттармен көмек көрсетті. Партиялықтар гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыратын болады.