Павлодарда жас журналистерді қалай даярлайды?

Жас өрендер тәжірибе жүзінде камераға сөйлеуді, журналист ретінде жұмыс істеуді үйренеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М. Катаев атындағы оқушылар сарайындағы мемлекеттік тілдегі «Қаламгер» баспасөз орталығы 2006 жылы құрылып, құрамында бірнеше бағдарламалар, газеттер мен радиобағдарламалар енгізілген. Соның арқасында мектеп оқушылары балалар журналистикасының және тележурналистикасының негіздерін, қазақстандық журналистиканың тарихын және оның дамуындағы негізгі тенденцияларды меңгеріп жүр.
Үйірмеге 7 мен 12 жас аралығындағы 27 бала қатысады. Балалар бұл кәсіптің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, облыстық «Твой мир – Сенің әлемің» балалар газетіне мақалаларын жариялап, облыстық «Halyq Radiosy» - нда «Жас тілші» радиобағдарламасын жүргізіп, облыстық Оқушылар сарайының студиялары мен клубтарының қызметі туралы «BALA - TIME» хабарын түсіріп, «Сұхбат» жобасы аясында облыстық білім беру іс-шараларын жүргізеді. Сондай-ақ мектеп оқушылары облыс пен республикаға танымал тұлғалармен сұхбаттасады. Мәселен, жуырда бағдарламаның респонденттері «ERTIS» телеарнасының тілшісі Самал Қалиқызы мен «Halyq Radiosy» - ның радиожүргізушісі Айдана Қоқанова болды.
– Бұл – мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар. Журналистік қызметтің тәрбиелік әлеуеті зор, баланың дамуына және өз ойын еркін жеткізуіне, белгілі бір дағдыларын, қарым-қатынас тәжірибесін және өмірлік белсенділігін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – дейді облыстық білім беру басқармасының маманы Әсем Айыпова.
Сондай-ақ ол Павлодар облысы білім беру басқармасының «Bilim life» YouTube арнасында эпизодтары көрсетілетін «BALA - TIME» жобаның негізін қалаушы.
– Бұл – менің жеке жобам, маған ешкім көмектескен жоқ. Балаларды да өзім оқытамын. Бұл идея маған сабақ кезінде, балалармен қарапайым стенд-ап жазып жатқан кезде пайда болды. Біз балаларға Оқушылар сарайының «Дети о детях» форматындағы студиялары мен клубтары туралы айтуды жөн көрдік. Осы бағдарламада балалар камераға сөйлеуді, журналист ретінде жұмыс істеуді үйренеді. Әр бағдарламаны жергілікті журналистерге бағалау үшін жіберемін, олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтып, балаларды ынталандырады, – дейді жоба басшысы.
«BALA - TIME» бағдарламасы оқушылардың ата-аналары мен балалардың әжелерінің көңілінен шықты. «Bilim life» арнасында қазір 3,56 мың жазылушы бар.
«Қаламгер» баспасөз орталығының басты ерекшелігі – қазақ тіліне үлкен мән беруі. Орыс тілінде сюжеттер де бар. Бағдарламаны орыс тілінде түсіру үшін Оқушылар сарайының бірлескен «Сюжет» студиясының екі жүргізушісі көмекке келеді. Осы студияға бүгінгі күнге 15-ке жуық оқушы барып жүр.
– Біз мақала жазуды, сұхбаттарды, фильмдерді түсіруді және топта жұмыс істеуді үйретеміз. Өйткені, қосымша білім – болашақ мамандыққа жасалған қадам, – деп атап өтті «Сюжет» студиясының директоры Алма Ерубаева.
Айта кетерлігі, журналистика курстарына қатысу тегін.
Фото: облыстық білім беру басқармасының маманы Әсем Айыпова