Павлодарда жаяу жүргіншілердің қатысуымен 200-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді

Павлодарда жаяу жүргіншілердің қатысуымен 200-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оннан астам адам қаза тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

— Назарбаев даңғылында Toyota Camry жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткеліндегі азаматтарға жол бермей, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, жыл басынан бері өңірде осындай 1698 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, - делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережесінің әрбір бұзылуы жол-көлік оқиғаларына алып келуі мүмкін екенін ескертеді.

— Жыл басынан бері Павлодар облысында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 194 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 11 адам қаза тапса, 196 адам түрлі дене жарақатын алған. Жаяу жүргіншінің өмірі жолда үнемделген бірнеше секундтан әлдеқайда қымбат екенін ұмытпаған абзал. Әрбір жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелі – жылдамдықты көрсетуге арналған орын емес, адамның қауіпсіздігіне басымдық берілетін аймақ екенін әрдайым есте ұстауы тиіс, - дейді полицейлер.

Еске сала кетейік, Павлодарда реанимобиль жаяу жүргіншілер өткелінде 76 жастағы әйелді қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы Академик Сәтбаев көшесіндегі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде бірінші санаттағы шұғыл шақыртуға бара жатқан кезде болған. Зардап шеккен әйел Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.