Павлодарда реанимобиль қағып кеткен әйелдің жағдайы белгілі болды

Павлодарда реанимобиль қағып кеткен әйелдің жағдайы белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосы

Жол-көлік оқиғасы Академик Сәтбаев көшесіндегі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде бірінші санаттағы шұғыл шақыртуға бара жатқан кезде болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізуші жарқылдауық маяктары мен дыбыстық дабылы қосылған реанимобильмен жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан сәтте әйел адам өткелге шыққан.

– Соқтығысқаннан кейін 103 қызметінің мамандары зардап шеккен әйелге бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіп, Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізді. Ал бригада бара жатқан шақырту басқа жедел жәрдем тобына берілді, – деп хабарлады жедел жәрдем станциясында.

Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккен әйел 76 жаста. Оның жағдайы – орташа деңгейде. Дәрігерлер екі жіліншігінің сынуын, денесінің көгеруі мен сырылған жарақаттарын анықтаған.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тексеру жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тексеру қорытындысы бойынша жол апатына қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.