Павлодарда жаңа спорт алаңы қолданысқа берілмек
Оқушылар спорт алаңында онға жуық спорт түрімен шұғылдануға мүмкіндік алмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық білім бөлімінің мәлімдеуінше, спорт алаңының ашылуы 24 қазанға жоспарланған.
- Республика күніне орай Павлодар қаласының № 24 мектебінде спорт алаңының ашылуы өтеді. Спорт алаңының күрделі жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен 259 445 000 теңге бөлінді. Жұмысты «Азамат құрылыс» ЖШС жүргізді, - делінген хабарламада.
Спорт алаңында 30-дан 60 метрге дейінгі футбол алаңы, 510 шаршы метр баскетбол, 669 шаршы метр волейбол-теннис алаңы, 108 метрге жүгіру жолы, секіру шұңқыры, тренажерлер мен турниктер алаңы бар.
Жаңа алаңның ашылуына еркін күрестен КСРО-ның бірінші спорт шебері Амантай Аймағамбетов, республикалық турнирлердің бірнеше дүркін чемпиондары, ҚазКСР республикалық санатындағы төрешілер, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа мүшесі, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының мүшелері, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері, Павлодар қаласы спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы мен БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде.
Спорт алаңында Павлодар қаласының №24 мектебінің оқушылары футбол, волейбол, баскетбол бойынша өнер көрсетеді.