Павлодарда моно-реквиемнің премьерасы өтті

Павлодарда моно-реквиемнің премьерасы өтті
Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Асайын Байханов операны халықпен бірге тамашалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Естай атындағы мәдениет сарайында «Толық адам, ой толғау, Хәкім Абай» атты моноопера, моно-реквием премьерасы өтті. Белгілі опера әншісі, Қазақстанның Халық әртісі Шахимардан Әбілов өзінің туған жері, Павлодар облысында ерекше өнер көрсетті.

Премьераны облыс әкімі Асайын Байханов тамашалап қайтты.

–Операның жаңаша орындалуы маған ерекше әсер етті. Әрбір сөз - терең философия. Абай адамға үш басты қасиет қажет екенін айтқан — ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүрек. Бүгінгі моноопера ұлы ойшылдың мұрасына жаңа серпін береді және өскелең ұрпақтың бойына адами қасиеттерді сіңіруге, өз елін, тарихын, халқын мақтан тұтуға бағытталған,– деп әсерлерімен бөлісті облыс әкімі.


Моноопера - орындаушылықтың ерекше форматы, сахнада сирек кездесетін жанрлардың бірі. Мұнда алдыңғы қатарға музыкалық ойлау және жеке қойылым шығады. Ерекше орындау тыңдаушыларға Абай шығармашылығымен, рухани өсудің өзіндік құндылығы туралы дүниетанымымен жекелей танысуға мүмкіндік берді.