Павлодарлықтар жас дирижердің жетекшілігімен классикалық туындыларды тыңдайды
Симфониялық оркестр жаңа концерттік бағдарламамен сахнаға шығады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
8 желтоқсанда сағат 17:00-де И. Байзақов атындағы облыстық филармониясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Рахымжановтың жетекшілігімен симфониялық оркестрдің «Way of Nomads» концерті өтеді. Кеш қонақтары – дарынды жас музыканттар, халықаралық сыйлықтардың лауреаттары – дирижер Аршат Шәріп және виртуоз пианист Әділет Сексенов. Аршат Шәріп Павлодар музыкалық колледжі мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Қазір ол Алматыда тұрып, жұмыс істейді. Дирижер көптеген ауқымды іс-шараларда өнер көрсетті.
– Ертіс-Баян өңірінің тұрғындары мен қонақтары жанды оркестрдің орындауында Вена классикалық мектебінің ең көрнекті өкілдерінің бірі, неміс композиторы – Людвиг ван Бетховеннің туындыларын тыңдайды. Кеште XIX ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті орыс композиторы Петр Ильич Чайковскийдің шығармасы орындалатын болады, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, концертте «Way of Nomads» (Көшпенділер жолы) премьерасы шырқалады. Шығарманың авторы – жаңа буын композиторы, 33 жастағы қазақстандық музыкант Данияр Бержапрақов. Ол осы туындыны Дирижер Аршат Шариптің өтініші бойынша филармонияның симфониялық оркестрінің концертіне арнайы жазған. Жас композитордың жаңа шығармасы бостандықты сүйетін көшпенділердің бай рухани-мәдени мұрасын бейнелейді және үш бөлімнен тұрады: «Даланың оянуы», «Көшпенділер ойындары», «Махаббат әні». Павлодар симфониялық оркестрі репертуарды таңдауда тыңғылықты дайындалады және әр концертеке жауапкершілікпен қарайды.