Павлодарда ЖИ медицинадағы диагностикада дәлдігін арттыруда
Енді диагноз қою уақыты айтарлықтай қысқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жаңа деңгейге көтерілді. Өңірде медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту, диагностиканың сапасын жақсарту және дәрігерлердің жұмыс жүктемесін оңтайландыру мақсатында жасанды интеллектке негізделген бірнеше цифрлық шешім енгізілуде.
Қазіргі таңда облыстағы 106 медициналық ұйым «Damumed» кешенді ақпараттық жүйесінде жұмыс істейді. Мобильді қосымшаны шамамен 280 мың пациент пайдаланады. Жүйеде жеке логині бар 6 мыңға жуық медицина қызметкері тіркелген, олардың қатарында 2784 дәрігер және 4031 орта буын маманы бар.
«ДАМУ» ақпараттық технологиялар орталығы пайдаланушылар және серіктестермен жұмыс жөніндегі менеджері Павел Ефановтың айтуынша, биыл пациент пен емхана арасындағы өзара әрекетті жеңілдететін жаңа сервистер іске қосылған.
– Соның бірі – онлайн кезек қызметі. Оның көмегімен емханаға бармай-ақ, тіркеу бөліміне хабарласпай алдын ала жазылуға болады. Белгіленген уақытта келіп, кезек күтудің қажеті жоқ. Қазір бұл мүмкіндікті Павлодар облысындағы 15 медициналық ұйым қолданып отыр, – деді Павел Ефанов.
Қосымшадағы тағы бір жаңалық – «Бас дәрігерге сұрақ қою» сервисі. Бұл қызмет науқастарға медициналық ұйым басшылығымен тікелей байланыс орнатуға жол ашады. Өтініштер мен сұрақтардың қаралу мерзімі тұрақты бақылауда болады.
– Егер жауап берілмеген өтініштер немесе пікірлер жиналса, біз бұл жөнінде медициналық ұйым басшылығына хабарлаймыз. Яғни, сұрақтар назардан тыс қалмайды, – деді менеджер.
Жасанды интеллект тек пациенттерге арналған сервистерде ғана емес, медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысында да қолданылып келеді. Соның бірі – «Alimaa» медициналық көмекшісі. Ол дәрігерлерге қабылдау барысында құжат рәсімдеуді жеңілдетіп, клиникалық жазбаларды автоматты түрде қалыптастыруға көмектеседі, дайын үлгілерді ұсынады және техникалық қателердің алдын алады. Нәтижесінде мамандар емделушілерге көбірек уақыт бөле алады, ал құжаттандыруға кететін уақыт қысқарады.
Алдағы кезеңде «Damumed» платформасында бірқатар жаңа цифрлық мүмкіндік іске қосылады. Олардың қатарында пациент пен дәрігер арасындағы қауіпсіз байланысқа арналған «Damumed Messenger», серіктес дәрігерлерге жазылу жүйесі, медициналық құжаттарды жүргізуге арналған жасанды интеллект дауыстық көмекшісі және «Damumed Key» биометриялық авторизациясы бар.
Сонымен қатар, қашықтан медициналық кеңестер де кеңінен қолданылуда. Бұл қызмет аудан және ауыл тұрғындары үшін қолжетімді. Онлайн консультацияларды терапевтер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және тар бейінді мамандар жүргізеді. Ал жалпы практика дәрігерлері пациентті міндетті түрде бетпе-бет қабылдайды.
Павел Ефановтың айтуынша, қашықтан көмектің тиімді бағыттарының бірі – фтизиатриялық қызмет.
– Бізде фтизиатр дәрігерлердің қашықтан кеңес беру тәжірибесі жақсы дамыған. Науқас дәрісін қабылдап, оны бейнебайланыс арқылы дәрігерге көрсетеді. Бұл да қашықтан бақылау түріне жатады, – деді ол.
Өңірде медициналық бейнелеу зерттеулеріне жасанды интеллект енгізу бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл бастама 22 медициналық ұйымды қамтиды.
– ЖИ дәрігерлерге компьютерлік томография, маммография, рентген және өзге де зерттеу нәтижелерін талдауға көмектеседі. Бұл онкологиялық ауруларды, әсіресе ерте кезеңде, тезірек анықтауға мүмкіндік береді, – деді Павел Ефанов.
Жасанды интеллект медициналық кескіндерді сараптап, патологиялық өзгерістерді анықтауда дәрігерлерге қолдау көрсетеді. Бұл диагноз дәлдігін арттырып, қорытынды шығару уақытын қысқартуға және қатерлі ісікті ерте анықтауға жол ашады.
Республикалық деңгейде орталықтандырылған серверлік инфрақұрылым құрылуда. Болашақта флюорографиядан бастап МРТ-ға дейінгі барлық радиологиялық зерттеулер бірыңғай ақпараттық жүйеде сақталып, дәрігерлер үшін қолжетімді болмақ. Жобаны биыл қыркүйекте іске қосу жоспарланған.