Павлодарлық кардиохирургтер ер адамды сал ауруынан аман алып қалды

Павлодарлық кардиохирургтер ер адамды сал ауруынан аман алып қалды
Фото: depzdravgov.kz

58 жастағы азамат бұрын емханаға жүгінбеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ер адамның айтуынша, таңертең шамамен сағат төртте сол қолы мен аяғы жұмыс істемей қалғанын сезген. Дәретханаға бармақ болғанда тұра алмай қалған соң жұбайын оятқан. Жұбайы  дереу жедел жәрдем шақырған. 

Жедел жәрдем бригадасы сағат 6:30-да шұғыл түрде науқасты Павлодар кардиоорталығының инсульт бөлімшесіне жеткізген. Қабылдау кезінде ер адамның сол қолы мен сол аяғының терең сал ауруына шалдыққаны анықталған. 

– Инсульт невропатологы тексеру тағайындап, компьютерлік томография  мен кеуде қуысының рентгенографиясы жасалған. Компьютерлік томография  нәтижесінде оның оң жақтағы ортаңғы ми артериясының тромбозы белгілері анықталды, – деп хабарлады кардиоорталықта.

Нейрохирургпен кеңескеннен кейін шұғыл хирургиялық емдеу жүргізу туралы шешім қабылданған. 

Сағат 07:30-да науқасқа церебральды ангиография, тромбоэкстракция жүргізілді. Қан тамырларын бітеп, мидың қан айналымына кедергі келтірген ұйыған қан алынып тастады. Операция кезінде науқастың сол қолы мен аяғы қалпына келе бастаған. 

Қазіргі уақытта науқас бөлімшеде және өзін жақсы сезінеді.