Екібастұздың шағын ауыл тұрғындары сапалы ем-дом алу үшін алысқа бармайтын болады
Құрылысшы ауылында жаңа медициналық пункт ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының бастамасымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде салынды. Жаңа медициналық пунктте дәрігерге дейінгі сапалы медициналық-санитариялық көмек көрсетілетін болады. Ем-шара және қабылдау бөлмесі қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұндай технологиялар қалалық ауруханаларға бару қажеттілігін азайтып, ауылдық жерлерде медициналық көмек деңгейін едәуір арттырады.
– Құрылысшы ауылында 123 адам тұрады. Енді ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмекті алу үшін алысқа бармайды. Бұл ретте, ашылған медициналық пункт амбулаториялық қызмет көрсету орны ғана болмай, Екібастұз қаласы бейінді мамандарының профилактикалық тексерулер жүргізетін алаңына айналатынын атап өту маңызды,– деп жазды Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Instagram парақшасында.
Бұдан басқа, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша Бәйет ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталуда.