Павлодарда жылу желілерінің цифрлық моделі әзірленеді
Жүйе диспетчерлерге жылумен жабдықтау параметрлерін нақты уақыт режимінде бақылауға және желідегі ықтимал өзгерістерді модельдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда 2026 жылдың соңына дейін жылу желілерінің «цифрлық егізін» енгізу жоспарланып отыр. Жүйе жабдықтар, жылу камералары, құбырлар және жылумен жабдықтауға қатысты басқа да нысандардың жай-күйі туралы ақпаратты біріктіреді.
Жоба екі негізгі бөліктен тұрады. Біріншісі – SCADA диспетчерлік бақылау жүйесі. Ол желідегі қысым мен температураны, сондай-ақ электр жетегімен жабдықталған ысырмалардың орналасуын нақты уақыт режимінде көрсетеді. Қысым мен температураны өлшейтін датчиктер алты жылу камерасына, сондай-ақ орталық жылу пункттері мен сорғы станцияларына орнатылған.
– Диспетчер барлық технологиялық параметрді бір терезеден көре алады. Жүйе көрсеткіштерді бақылауға және есепке алуға, сондай-ақ желіні реттеуге қажет. Егер қысым немесе температура белгіленген шектен шықса, жүйе бірден дабыл береді, – деді әзірлеуші компанияның техникалық директоры Николай Дудник.
Жобаның екінші бөлігі – гидравликалық модель. Оның көмегімен жылу желісін картадан көруге болады. Онда құбырлар, сорғы агрегаттары, ысырмалар және басқа да нысандар көрсетіледі. Әр нысан туралы ақпарат электронды түрде қолжетімді болады.

Николай Дудниктің айтуынша, модель мамандарға әртүрлі әрекеттердің салдарын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
– Белгілі бір ысырманы жапсақ немесе желінің бір бөлігі қалыпты режимнен шықса, не болатынын алдын ала көруге болады. Жүйе гидравликалық жүктемені қайта есептеп, бұл өзгерістің желінің басқа бөліктерінің жұмысына қалай әсер ететінін көрсетеді. Диспетчерлік қызмет үшін коммутациялық міндеттерді шешу мүмкіндігі де қарастырылған. Мысалы, желінің белгілі бір бөлігін ажырату қажет болса, бағдарлама ең жақын ысырманы көрсетіп, оны қай жерден жабу керегін және жұмысты қауіпсіз жүргізу тәртібін анықтауға көмектеседі, – деп түсіндірді ол.

Гидравликалық модельді қараша айында қала жылу беру маусымына көшкеннен кейін құру жоспарланып отыр. Бұл өндірістік-техникалық бөлім мамандары үшін қосымша құрал болады.
– Жүйеде жылу желілерінің паспортизациясына арналған жеке қабат болады. Жоба аясында мамандар магистральдық желілердегі 350-ге жуық жылу камерасын зерттеп, оларды электронды картаға енгізді. Бұл әр учаске бойынша цифрлық паспорт қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Николай Дудник.
Жүйеде ақаулар туралы ақпарат та жинақталады. Болашақта әр учаске бойынша статистика жүргізіп, қай жерлерде ақаулардың жиі қайталанатынын талдауға болады.
Сонымен қатар «цифрлық егізді» қаланың басқа жүйелерімен байланыстыру жоспарланып отыр. Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – телеметрия деректерін Павлодардың ахуалдық орталықтарына беру. Осылайша мамандар жылу желілерінде не болып жатқанын көре алады. Алдағы уақытта ахуалдық орталық пен диспетчерлік қызмет арасында ақпарат алмасу үшін мессенджерлер мен чат-боттарды пайдалану мүмкіндігі қарастырылады.
Болашақта жүйені толыққанды цифрлық платформаға дейін кеңейту жоспарланған. Ол бірқатар процесті, соның ішінде диспетчерлік қызмет пен абоненттер бөлімі арасындағы жұмысты автоматтандыруға мүмкіндік береді. Мысалы, белгілі бір учаске ажыратылған жағдайда жүйе тұтынушыларға автоматты түрде хабарлама жібере алады.
Мамандар жобаның тиімді болатынына сенімді. Өйткені осындай жүйені қолдану тәжірибесі Екібастұзда да бар.