Екібастұзда халық геологы туралы кітап жарық көрді

Екібастұзда халық геологы туралы кітап жарық көрді
Фото: Бұқар жырау атындағы музейі

Повестік кітаптың авторы – баянауылдық өлкетанушы Александр Черкашин, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz.

Екібастұз қаласында әйгілі халық геологы, кен білгірі Қосым Пішенбаевтың 180 жылдығына арналған «Қосымның тағдыры» кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың қолжазбасы 1972 жылы Баянауыл кентінде баспа машинкасына түсірілген.

Туынды Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйытқы болуымен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.

Бұл кітаптың жазылуына академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев түрткі болған. Қолжазба күйінде ҚазКСР Жазушылар одағының көркемдік кеңесіне жіберіліп, белгілі себептермен кейін қайтарылған. Повесть араға жарты ғасырдан астам уақыт салып оқырманға алғаш рет жол тартып отыр.

Кітап Қосым Пішенбаевтың кен барлаушылық өмірінің маңызды кезеңдерін суреттейді. Қосымның балалық шағы, ата-анасының бай ауылынан көрген қорлығы, алғашқы табылған кен орындары мен орыс көпестерінің қазақ жеріндегі өнеркәсіптері туралы, Екібастұз көмірі мен Майқайың алтын кенішіндегі алғашқы өнеркәсіптер, тағысын-тағы деректі мағлұматтар кеңінен қамтылған. «Кедейдің қолы қысқа», «Қосымның балалық шағы», «Алғашқы олжа», «Алғашқы махаббат», «Алғашқы ақша», «Алғашқы сауда», «Қарсылас пайда болды», «Тау бөктеріндегі зауыт», «Қосым байдан кек алды», «Қосым өндірістік артель ұйымдастырды», «Күтпеген қонақ», «Екібастұз», «Майқайың», «Өткен күндер мен бүгінгі заманның тоғысы»  бөлімдерінен тұрады.

Тұсаукесер іс-шарасында Қосым Пішенбаевтың аталас туысы Амантай Есімбаев пен өлкетанушы А.Черкашинның ұрпағы Галина Баёк естеліктер айтты. Александр Черкашин «Баянаул», «Дочь Баянаула», «Қосымның тағдыры» кітаптарын жазған, Баянауыл өңірінің арғы-бергі тарихы туралы мол мағлұматтар қалдырған.  

Іс-шарада сондай-ақ Жүсіпбек Аймауытовтың 135, Сәбит Дөнентаевтың 130, Қаныш Сәтбаевтің 125, Әлкей Марғұланның 120, Шәкен Аймановтың 110, Рүстембек Омаровтың 105, Мүбәрак Жаманбалиновтың 100, Қимадиден Нығмановтың 100 жылдық мерейтойларына арналған көрме ұйымдастырылды.

Повесть Торайғыров университетінің және Баянауылдағы «Әнет» шаруа қожалығының демеушілігімен, қазақ және орыс тілдерінде «Парасат» баспаханасында басылып шықты. 

Қосым Пішенбайұлы 1844 жылы туған. Жаратқанның бойға берген ерекше сыйы болар, Қосым бала шағынан тау-тасты кезіп, шалғай жерлерді аралауға құмар болған.  Бұдан төрт-бес жыл бұрын Баянауылдағы Қосым Пішенбаевтың басына кесене тұрғызылған.

Мұрат Аяған