Павлодар облысында жемқорлық туралы хабарлаған тоғыз адам 1,9 млн теңге алды
Былтыр 9 адам сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін ақшалай ынталандырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.тілшісі.
Қазақстанда 2020 жылдан бастап азаматтарды ынталандырудың сараланған жүйесі енгізілді. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін ең көп – 13 млн теңгеден астам сома ала алады. Облыста 2022 жылы осындай фактілерді хабарлағаны үшін 9 адам жалпы сомасы 1,9 млн теңгеге жуық сыйақы алды.
Ақшалай көтермелеу әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы, айыптау үкімі не ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылады. Оған қоса, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтар мемлекеттің қорғауында болады.
Пара немесе келтірілген залал сомасы, ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1000 АЕК-тен (3 450 000 тг) аспайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша сыйақы сомасы қылмыстың ауырлығына байланысты 30-дан 100 АЕК-ке дейін құрайды. Егер жоғарыда көрсетілген сома 1000 АЕК-тен асса, сыйақы 10 % құрайды, бірақ 4 000 АЕК-тен (13 800 000 тг) аспайды.
2023 жылғы 3 қаңтардан бастап заңнамалық түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамдар мемлекеттік органның немесе ұйымның тәртіптік комиссиясының ұсынымдарынсыз тәртіптік жауапкершілікке тартыла алмайды, лауазымынан босатыла алмайды немесе басқа лауазымға ауыса алмайды. Сондай-ақ, егер парақорлық туралы хабарлаған адам өзінің басшылығымен немесе сыбайлас жемқорлық істерін тергеп-тексеруді жүзеге асыратын уәкілетті органмен жария етпеу туралы келісім жасаса, онда осы адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткені туралы ақпарат құпия болып есептеледі. Мұндай ақпаратты жария еткені үшін ҚР заңдарында белгіленген жауапкершілік көзделген.
– Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін адамдарды ақшалай көтермелеу жүйесі – оны жоюдың пәрменді тетіктерінің бірі. Қоғамдық санада дұрыс көзқарастарды қалыптастыру маңызды. Біз сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға азаматтардың қатысуын ынталандыру саясатын жалғастырамыз, – деп атап өтті Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Мұратбек Қасымов.
Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністері бойынша Call-center 1424 немесе 37-85-86 кезекші бөлімінің телефоны бойынша хабарласуға болады.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті