Павлодар облысында шомылу маусымы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Шомылуға тыйым салынған қауіпті аймақтар 2GIS-та белгіленді, деп @Pavlodarnews.kz тілшісі хабарлайды.
Павлодар облысында жазғы шомылу маусымына дайындық аясында цифрлық форматта да жұмыстар жүргізілуде. Биыл тұрғындар мен өңір қонақтарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2GIS мобильді қосымшасында шомылуға тыйым салынған қауіпті аймақтар көрсетілетін болады.
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаевтың мәліметінше, өңірде 45 ресми жағажай тіркелген. Оның ішінде 29-ы коммуналдық меншікте болса, 16-сы жеке кәсіпкерге тиесілі.
- Қазіргі уақытта бірқатар тыйым салынған қауіпті аймақтар бойынша ақпарат 2GIS қосымшасына енгізілді. Жыл соңына дейін 43 қосымша нысандарды да қамту жоспарланып отыр. Жұмыстар Павлодар қаласында және Ақсу қаласында басталды, - деді ол.
Цифрлық шешімдер демалушылар үшін маңызды ақпаратты қолжетімді етеді. Енді тұрғындар смартфон арқылы қауіпті аймақтарды алдын ала біліп, қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.
Сонымен қатар, шомылуға тыйым салынған аумақтарда ескерту жұмыстары күшейтілген. Бүгінгі таңда 244 ескерту белгісі жаңартылып, 18 баннер орнатылды. Бұдан бөлек, Павлодар, Екібастұз қалаларында, Май және Железин аудандарында QR-кодтар арқылы шомылу орындары туралы ақпарат беретін 45 баннер орналастырылды.
Павлодар облыстық жедел медициналық жәдем станциясының медициналық авияция бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Бесембинова төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек көрсету тәртібін түсіндірді. Оның айтуынша, суға кеткен адамды алдымен жағаға шығарып, тыныс белгісі болмаса, дереу жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс беру керек. Сонымен бірге, жедел жәрдем шақыру – міндетті.
Мамандар тұрғындарды тек арнайы рұқсат етілген жағажайларда демалуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Аққу Самсен.