Павлодарда батырлар ерлігіне арналған көрме ашылды

Павлодарда батырлар ерлігіне арналған көрме ашылды
Фото: Айбек Жұматов

Жұртшылық назарына бұрын-соңды көрсетілмеген әскери жәдігерлер таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына орай «Отан үшін от кешкен батырлар»  көрмесі ашылды.

Павлодар облысы мемлекеттік мұрағатының деректеріне сәйкес, соғыс жылдары Ертіс-Баян өңірінен 30 адам Кеңес Одағының батыры атағын алған. Тағы сегіз жауынгер «Даңқ» ордерінің толық кавалері атанған. 

Көрмеде өңірден шыққан батырларың бұрын көпшілікке ұсынылмаған жеке заттары қойылған. Атап айтқанда, майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың әскери киімі алғаш рет таныстырылды. Қалмұқан Исабаев  соғысқа қатысып, кейін әдебиет саласында еңбек еткен. Сондай-ақ Германиядағы Ильменау қаласының комендаты болған тұлға. Бұл форма 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығына арнайы тігілген. 

Сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрғановтың да әскери киімі көрмеге қойылды. Құдайберген Сұрағанов - майданда ерлігімен көзге түсіп, жоғары мемлекеттік сыйлыққа ие болған батыр. Батырдың есімі өңір тарихында ерекше құрметпен аталады.

Бұдан бөлек, экспозициядағы ерекше жәдігерлердің бірі  шағын құран кітапшасы болды. Ол соғыс кезінде тұтқынға түскен жауынгер Қайдар Жазкеновтің өмірін сақтап қалған. Сіріңке қорабына сыйып кететіндей кітапша ұзақ жылдар бойы Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылында сақталған. Көрменің ашылуына Қайдар Жазкеновтің туыстары да қатысты. 

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушы Абзал Рымбектің айтуынша, биыл көрмеген бұрын көрсетілмеген құнды заттар қойылған. 

- Біз Қалмұқан Исабаев пен Құдайберген Сұрағановтың әскери киімдерін арнайы ұсындық. Қалмұқан Исабаевтың бұл формасы музей қорына жаңадан келіп түсті. Оны жұбайы Забира апай мен балалары арнайы жіберді. 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығына тігілген бұл киім - майдангер жазушының өмірінен сыр шертетін құнды жәдігер, - деді Абзал Рымбек.

Көрме бір апта бойы келушілерге ұсынылады. Одан кейін барлық жәдігер музей қорына сақтауға жіберіледі.