Павлодарда «Бірлік – елдің тірегі» көрмесі ашылды

Павлодарда «Бірлік – елдің тірегі» көрмесі ашылды
Фото: Аяулым Мұса

Авторы - Рустэм Әнуарбеков, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Д.Багаев музей-үйі қабырғасында ашылған фотокөрмеде көпшілік назарына  ел ішіндегі татулық пен мәдени әралуандықтың терең мәнін айшықтайтын жұмыстар қойылды. 

Фотошебер өз туындылары арқылы ұлт пен ұлыстың басын қосқан қасиетті ұғым - бірлікті, халықтар арасындағы достықты және сан ғасырлық салт-дәстүрдің сабақтастығын нәзік сезіммен жеткізе білген.

Экспозицияда түрлі этностардың ұлттық киімдері, дәстүрлі билері мен мерекелік сәттері бейнеленіп, олардың ішкі жан дүниесі мен шынайы эмоциялары көрініс табады. Әр фототуынды бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан халықтардың ортақ болмысы мен рухани үндестігінің айғағы іспетті.

Көрмені тамашалаушыларға мазмұнды экскурсия жүргізген Надежда Бектұрғанова оның идеялық мәніне ерекше тоқталды.

- Рустэм Әнуарбеков ұзақ жылдар бойы Достық үйінде фотограф болып жұмыс істейді және түрлі іс-шараларды түсіреді. Достық үйінде 24 мәдени орталық бар, олар ұлттық дәстүрлі киімдермен өз шараларын өткізеді. Бұл жұмыстардың барлығы халықтар достығы, олардың эмоциясы мен дәстүрлерін бейнелейді, - деді ол.

Көрме 27 мамырға дейін жалғасады.

Аяулым Мұса