Павлодарлық оқушы ЖИ-видеоларды қалай табыс көзіне айналдырды
Ол айына шамамен екі миллион теңге табыс табады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Әшімхан Әбугалисов қысқа уақыт ішінде ЖИ-контент саласына еніп, бизнеске арналған видеороликтер жасап табыс таба бастаған.

Әшімхан ЖИ-видеолар туралы алғаш рет 2025 жылдың соңында естіген. Сол кезде бұл бағыт енді ғана танымал бола бастағанымен, болашағы бар нарық ретінде көрінген.
– Бұл идеяны жатақханада бірге тұратын досым ұсынды. Бір күні ол маған ЖИ-видеолардың мысалдарын көрсетіп, сондай контент жасап көруді айтты. Ол кезде досым бұл бағытта алғашқы қадамдарын бастап қойған еді. Ол бұл арқылы жақсы табыс табуға болатынын алға тартты, – деп еске алады Әшімхан.
Ұзақ уақыт оқып-үйренудің орнына ол бірден тәжірибеге кіріскен. Портфолио мен тәжірибесі болмаса да, әлеуметтік желілер арқылы компанияларға жазып, жарнамалық роликтер жасауды ұсынған.
Алғашқы клиенті қалалық таксопарк болды. Бұл жұмыс үшін ол сегіз мың теңге алып, дәл осы сәттен бастап коммерциялық ЖИ-контенттегі жолы басталған.
Бастапқыда оқушы тек тегін нейрожелілерді, соның ішінде Veo3-ті қолданған. Шектеулерді айналып өту үшін бірнеше аккаунт пен қосымша пошталарды пайдаланып, генерация санын көбейткен.
Кейін тұрақты тапсырыстар пайда болған соң, ол ақылы сервистерге – syntx.ai, kling.ai және басқа да видео генерациялау құралдарына көшкен. Бір роликті жасауға орта есеппен үш сағат кетеді, алайда күрделі жобалар бірнеше күнге созылуы мүмкін.
Оның ielts.gg платформасына жасаған видеоларының бірі 2,9 миллион қаралым жинаған. Осы компаниямен келісімшарт жасап, бір айда тек осы жобадан 1,3 миллион теңге табыс тапқан. Қазір ол платформада 350 креатордың ішінде ТОП-1 орында тұр. Соңғы айдағы жалпы табысы екі миллион теңгеден асқан.
Уақыт өте келе Әшімхан бұл саладағы ең маңызды дағды техникалық емес, кәсіпкерлік екенін түсінген.
– Ең қиыны – видео жасау емес, клиент табу. Қызмет көрсетуді тез үйренуге болады, бірақ сата алмасаң, табыс болмайды. Қазір мен клиенттермен келіссөздерді өзім жүргіземін, олардың бизнесін талдап, нақты ұсыныстар жасаймын. Бір жобадан түсетін табыс 20 мыңнан 60 мың теңгеге дейін. Айына 10-15 жобаны жабамын, – дейді ол.

Әшімхан оқуын, жұмыс пен спортты қатар алып жүр. Волейболмен айналысады, оқу процесінен қалмауға тырысады, дегенмен күн тәртібінің тығыз екенін жасырмайды.
– Мұндай қарқынға үйреніп кеттім. Өзімді академиялық тұрғыда ең мықты оқушы деп айта алмаймын, бірақ тез бейімделе аламын, – дейді ол.
Мектепте ол әсіресе ағылшын тілі мен дене шынықтыру пәндеріне қызығады. Оның айтуынша, ағылшын тілін білу промпт жазуда көмектеседі және қателерді жылдам түзетуге мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлікке деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол әртүрлі жолдармен ақша табуға тырысқан – балық сатып, киім, тәттілер және Қытайдан әкелінген тауарларды қайта сатқан. 12 жасында алғашқы iPhone 12 Pro Max телефонын өзі сатып алған.
– Әкем кәсіпкер. Бала кезімнен оның клиенттермен қалай сөйлесетінін көріп, соны қайталауға тырыстым. Барлық әрекеттерімді онымен ақылдасамын. Мен ешқашан біреуге жұмыс істегім келмейтінін білдім, өз бетімше дамығым келеді, – дейді Әшімхан.
Курьер және даяшы болып жұмыс істеген тәжірибесі оған дербес әрекет ету мен мүмкіндіктерді іздеуді үйреткен. Қазір тапқан табысын жеке мақсаттарына және отбасына жұмсайды. Ата-анасына көмектесіп, болашақта жеке баспана алуды армандайды.
Бүгінде ол шағын бизнеспен және шетелдік клиенттермен жұмыс істейді. Соның ішінде америкалық барбершоппен серіктестігі бар. Digital Business басылымында жарияланғаннан кейін оған блогерлер мен UGC-креаторлар да жүгінген.

Контент авторының айтуынша, қысқа видеолар нарығы үнемі өзгеріп отырады және трендтерді бақылап отыруды талап етеді.
– Қазір адамдар ұзақ видеоларды көрмейді. Алғашқы секундтарда-ақ назарды ұстап қалу керек. Сондықтан насмотренность өте маңызды. Қазір хуктар мен шағын сериал форматындағы видеолар трендте. Көп жағдайда клиенттер өздері мысалдармен келеді, бұл жұмысты жеңілдетеді, – дейді ол.
Қазіргі уақытта ол ағасымен бірге жеке сайт пен білім беру жобасын әзірлеп жатыр. Негізгі мақсаты – тек ЖИ-контент жасауды емес, оны қалай сатуды да үйрету.
– Көп адам контент жасауды біледі, бірақ оны қалай сатуды түсінбейді. Мен осы мәселені шешкім келеді, – дейді ол.

Болашақта ол жасанды интеллект бағыты бойынша жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отыр. Бұл саланы ең перспективалы әрі қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі деп санайды.
Әшімхан Әбугалисовтің оқиғасы – Павлодарлық оқушының қаражатсыз, командасыз және байланыссыз-ақ интернетте табыс таба бастағанының айқын мысалы. Ол жай ғана бастап көрді, жұмыс барысында үйренді, қателесті және тоқтамай алға жылжыды. Бүгінде ол ЖИ-видео жасап қана қоймай, өз бизнесін құрып келеді.