Павлодардағы облыстық балалар ауруханасы кеңейтіледі
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір әкімі Асайын Байханов мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, негізгі жобалардың бірі – Павлодар қаласындағы №1 қалалық аурухананы қайта жаңғырту. Қазіргі таңда екінші кезеңін жедел аяқтау мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, басты басымдық облыстық балалар ауруханасының жаңа корпусын салу болып отыр. Бүгінде аталған медициналық мекеме шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуде.
- Жоба дайын, қаржы бөлінді. Қажет болған жағдайда Павлодар қаласындағы шағын көшелердің бірін жауып, оның аумағын жаңа корпус құрылысына беру мәселесі қарастырылуда, – деді Асайын Байханов.
Жаңа корпус қаланың шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасуы мүмкін. Ол үшін Нұркин көшесі уақытша жабылуы ықтимал.
Бұдан бөлек, Ақсу қаласында ірі ауданаралық аурухана құру жоспарланып отыр. Бұл медициналық нысан Ақсу қаласының тұрғындарына, ауылдық аймақтарға және Май ауданына қызмет көрсететін болады.
Өңір басшысының айтуынша, Ақсу қаласы өзінің тиімді географиялық орналасуына байланысты маңызды медициналық орталыққа айналуы мүмкін. Өңір арқылы республикалық маңызы бар жолдар өтеді, сондай-ақ Достық станциясы арқылы жүк тасымалының артуы байқалады.
Жоба аясында Ақсу қаласындағы қолданыстағы аурухананы қайта жаңғыртып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге шамамен бір миллиард теңге қажет.
Жалпы, облыстық балалар ауруханасының жаңа корпусын салу құны шамамен 15 миллиард теңгені құрайды. Бұл жоба өңір үшін басым бағыт ретінде айқындалған.