Жапонияда демографиялық құлдырау 45 жыл қатарынан жалғасып келеді
Жапонияда 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша балалар саны 13,29 млн адамды құрап, бір жыл ішінде 350 мыңға азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Kyodo News-ке сілтеме жасап.
Бұл – бақылау жүргізілген бүкіл кезеңдегі ең төменгі көрсеткіш. Мұндай деректі елдің Ішкі істер және коммуникациялар министрлігі келтірді.
15 жасқа дейінгі балалардың жалпы халық санындағы үлесі 10,8%-ға дейін төмендеді – бұл да 1950 жылдан бергі ең төменгі деңгей. Көрсеткіштің төмендеуі қатарынан 45 жыл бойы жалғасып келеді. Балалар саны ең жоғары деңгейге 1954 жылы жетіп, 29,89 млн адамды құраған.
Туу көрсеткішінің төмендеу үрдісі жас құрылымынан да байқалады: 12–14 жас аралығындағы балалар саны 3,09 млн болса, 2 жасқа дейінгі сәбилер небәрі 2,13 млн. 2025 жылы дүниеге келгендер саны тағы бір тарихи минимумға – 705 809 адамға жетіп, бұл көрсеткіш оныншы жыл қатарынан азайып отыр.
Жапония үкіметі 2030 жылға дейінгі кезеңді «үрдісті өзгертуге берілген соңғы мүмкіндік» деп жариялап, балалы отбасыларды қаржылай қолдауды кеңейтіп келеді. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, балалар санының азаюы тоқтар емес.
United Nations деректеріне сәйкес, халқы 40 млн-нан асатын 38 елдің ішінде Жапония балалар үлесі бойынша соңынан екінші орында тұр. Соңғы орында – Оңтүстік Корея (10,2%).