Павлодар облысында барлық көрсеткіштер бойынша өсім бар
Өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты сақталып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Экономика басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 3 495,4 миллиард теңгені құрап, 4,1%-ға өскен.
Өңірдегі инфляция республикалық орташа деңгейден төмен. 2026 жылғы наурызда 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда ол 101,9% болды, ал ел бойынша орташа көрсеткіш – 102,7%. Азық-түлік тауарлары 2,3%-ға (ҚР бойынша – 2,9%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 2,2%-ға (2,6%), ақылы қызметтер 1,2%-ға (2,6%) қымбаттаған.
Жалпы алғанда, облыс экономикасының динамикасы тұрақты деп бағаланады. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша негізгі барлық макрокөрсеткіштерде өсім қамтамасыз етілді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,6%-ды құрады.
Болжам бойынша, өнеркәсіп өндірісі өседі, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 226 миллиард теңгеден асып, 2,1%-ға артады. Сонымен қатар, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша инвестициялар өсімі 114,6% деңгейінде тіркелген.
Ауыл шаруашылығында да оң динамика күтіледі – төрт ай қорытындысы бойынша шамамен 4,6%. Ішкі сауда жоғары өсім көрсетіп отыр – 110%-ға дейін, ал қаңтар-наурыз айларындағы нақты көрсеткіш 125,2% болды.
Құрылыс саласында айтарлықтай өсім болжануда – 11,9%. Шамамен 70 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1%-ға жоғары. Көлік саласында 4% өсім күтілсе, байланыс көрсеткіштері 100% деңгейінде сақталады.
Өңірлер бөлінісінде барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика Павлодар қаласында, сондай-ақ Железин және Май аудандарында қамтамасыз етілген. Бірқатар аудандар мен қалаларда өсім қарқынының төмендеу тәуекелдері сақталып отыр, әсіресе өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында.
Мәселен, өнеркәсіп өсімінің баяулау қаупі Ақсу мен Екібастұзда байқалады, инвестициялардың төмендеу тәуекелі – Павлодар ауданында. Құрылыс саласында ықтимал артта қалу Ақтоғай, Баянауыл, Павлодар және Шарбақты аудандарында болжануда.
Экономика басқармасында әлеуметтік-экономикалық дамуға тұрақты мониторинг жүргізілетінін, барлық негізгі көрсеткіштердің бақылауда екенін атап өтті.