Павлодарда зауыт маңындағы ауаның сапасы тексерілді

Павлодарда зауыт маңындағы ауаның сапасы тексерілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мамандар сынамаларды кәсіпорынға жақын орналасқан тұрғын аймақ шекарасында, зауыттан 1000 метр қашықтықта алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Экология департаментінің мамандары «ПМХЗ» ЖШС санитарлық қорғау аймағында атмосфералық ауаға кезекті мониторинг жүргізді.

– Зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі ауа құрамындағы шаң (қалқыма бөлшектер), азот оксиді, азот диоксиді және көмірсутек мөлшерін өлшеді. Өлшеу қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштер белгіленген экологиялық нормативтерге сәйкес болып шықты. Ластаушы заттардың нормадан тыс таралуы анықталмады, – деді экологтар.

Департамент өкілдері өңірдегі экологиялық жағдай тұрақты бақылауда екенін және мұндай мониторинг жұмыстары жоспарлы түрде жалғаса беретінін мәлімдеді.