Павлодарлық және ресейлік іздеушілер қаза тапқан батырларды еске алды
Қызыл армия жауынгерлерінің сүйектері Ресейде қайта жерленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
7 мамыр күні Ресей Федерациясының Первомайский кентіндегі әскери қорымда Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан Отан қорғаушылардың сүйектерін қайта жерлеу рәсімі өтті. Іс-шараның Қазақстанның Отан қорғаушылар күнімен тұспа-тұс өтуі ұрпақтар сабақтастығы мен Жеңіс жолында біріккен халықтардың ортақ жадысының символына айналды.
Ондаған жылдар бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында саналған сарбаздар араға ұзақ уақыт салып, жауынгерлік құрметпен майдандас серіктерінің қасына жерленді.
Рәсімге іздеушілер, қаза тапқан жауынгерлердің туыстары және Ұлы Отан соғысы тарихының ақиқаты мен тарихи жадтың сақталуына бейжай қарамайтын азаматтар қатысты. Қатысушылар ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алып, Жеңісті жақындату жолында жанын қиған жауынгерлерге тағзым етті.
Бұл күні 2025 жылғы «Естелік вахтасының» күзгі кезеңі мен 2026 жылғы көктемгі кезең барысында табылған 35 кеңес жауынгерінің сүйегі жер қойнына тапсырылды.
Күзгі іздестіру жұмыстары Сопки ауылы мен Тараканово маңында жүргізілді. Ал биыл көктемде ресейлік «Пирамида» іздестіру жасағы Холм қаласында экспедицияны жалғастырды. Жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы снаряд шұңқырынан іздеушілер 28 қызыл әскер сарбазының сүйегін тапқан.
Рәсімнің ерекше әсерлі сәттерінің бірі – қызыл әскер жауынгері Иван Шейкиннің туыстарының қатысуы болды. Шараға оның немересі, келіні және шөбересі келді. «Пирамида» іздестіру жасағының командирі Михаил Брынёв сарбаздың ұзақ жылдар бойы хабар-ошарсыз кеткен болып саналған медальонын отбасы мүшелеріне табыстады.
Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру жасағының мәліметінше, сарбаздың туыстарымен байланыс орнатуға ресейлік және қазақстандық іздеушілердің бірлескен жұмысы мүмкіндік берген.
Иван Шейкин 1910 жылы Қазақ КСР-інің Семей облысы, Мақаншы ауданындағы Мақаншы ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың қыркүйегінде Мақаншы аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, қызыл әскер қатарында қызмет еткен. 1942 жылдың сәуірінде хабар-ошарсыз кеткен.
Сексен жылдан астам уақыт өткен соң жауынгердің есімі туған-туыстарына және тарихқа қайта оралды. Іздеушілердің айтуынша, мұндай рәсімдер халықаралық ынтымақтастықтың, соғыс батырларын ұлықтаудың және ұрпақтар сабақтастығының маңызды үлгісі болып табылады.