Павлодарда қалған үйлерге ыстық су қашан берілетіні белгілі болды
Облыс орталығында гидравликалық сынақтар толық аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтың мәлімдеуінше, алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі облыс әкімі Асайын Байхановтың жеке бақылауында.
– Қаланың солтүстік жылу желілері ауданында гидравликалық сынақтар толық аяқталды. Анықталған ақаулардың басым бөлігі жойылды. Бүгінде 542 үйдің 472-сі ыстық сумен қамтамасыз етілді. Қалған тұрғын үйлер белгіленген кестеге сәйкес 20 мамырға дейін кезең-кезеңімен қосылады, - дейді шаһар басшысы.
Қала әкімінің айтуынша, оңтүстік жылу желілері ауданында бүгін сынақ жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде 100 ақау анықталды. Жөндеу жұмыстары, бірінші кезекте, магистральдық жылу желілерінде жүргізілуде. Жұмысшы бригадалар жасақталып, ақауларды жоюға кірісті.
Оңтүстік аудан бойынша тұрғын үйлерді ыстық суға қосу кестесі апта соңына дейін әзірленіп, жарияланады.