Павлодарда Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Гүл шоғын қоюға Алматыдан Қаныш Сәтбаевтың немересі келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгін ұлттық ғылым академиясының алғашқы президенті, мемлекет және қоғам қайраткері, жер қойнауының сиқырлы жиһазын тамаша көрегендікпен аша білген академик Қаныш Сәтбаевтың туған күні. Сондай-ақ бүгін Ғылым және ғылым қызметкерлері күні.
Осыған орай Павлодар қаласындағы Қаныш Сәтбаевтың ескерткішінде гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шараға ҚР Сенатының депутаты, профессор Алтынбек Нухұлы, ғалымның немересі Алима Жармағабетова, облыс әкімі Асайын Байханов және Ертіс-Баян өңірінің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар қатысты.
Алтынбек Нухұлы Қаныш Сәтбаевтың қазақ еліне сіңірген еңбегін бағалап осы 12 сәуірді Ғылым күні қылып атағанын айтты. Оған қоса, келесі жылы ғұламаның 125 жылдығына орай үлкен шаралар атқарылатынын атап өтті.
- Осыдан 2 ай бұрын депутаттық сауалда Қаныш 125 жылдық мерейтойын тойлауда үлкен-үлкен шаралар өткізу керектігі туралы мәселе көтерген болатынбыз. Соның ішінде елордамызда Сәтбаевтану орталығы керектігі – сұранып тұрған дүние. Бұдан бөлек, Сәтбаев университетімен бірігіп, ол кісінің соңында қалдырған 10 томдық еңбектерін жаңадан шығару мақсатын қойып отырмыз. 5 томдық академиялық толық шығармалар жинағы ретінде ғылыми еңбектерін жарыққа шығару да көзделуде, - деді Алтынбек Нухұлы.
Қаныш Сәтбаевтың немересі, профессор, химия ғылымдарының докторы Алима Жармағабетова бүгінгі шараға арнайы Алматыдан келген.
- Немересі ретінде менің атам осындай болғанына мақтанамын. Ғылым өкілі ретінде атамның Қазақстанға сіңірген еңбегін түсінемін. Қиын кездерде ол қорықпай Мәскеуде Жезқазған – кеннің бай қазынасы екенін дәлелдей білді. Қазіргі уақттың өзінде онда кен шығып жатыр. Ғылым академиясын ашқанының өзі ерлік болды. Ол құр академия емес, сол арқылы жастарды Мәскеуге оқуға жіберді. Қазақстанға кадр әкелді, - деді Алима Жармағабетова.
Алима Жармағабетованың айтуынша, атасымен немересі ретінде қасында көп болмаған. Өйткені Қаныш Сәтбаев істің адамы болған.
- 6 жасыма дейін біз атамның саяжайында демалдық. Сонда тұрдық. Атамның батасын да алдым. Әрине, атам істің адамы болғандықтан уақыты аз болды. Жұмыстан жаяу қайтқанды ұнататын. Маған Мәскеуден сыйлықтар әкеліп беретін. Әрине күнде атамның қасында болған жоқпын. Бірақ араласып тұрдық, - дейді Алима Жармағабетова.
Айта кетейік, бүгін Павлодарда ғалымның туған күніне орай дәстүрлі Сәтбаев оқулары өтуде.
Фото: Валерий Бугаев