Асайын Байханов Екібастұзда жылу магистральдік желілерінің жөндеу жұмыстарын тексерді
Ол барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтай отырып, жұмыстың жоғары сапасын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барып, ЕЖЭО-дағы және жылумен жабдықтайтын магистральдық желілердің жөндеу жұмыстарын тексерді.
Екібастұз ЖЭО-дағы №1 турбинаны, №6, №7, №8, №11 қазандықтарды жөндеу аяқталды. Жылу беру маусымында жұмысты қамтамасыз ету үшін 10 қазандықтың алтауы 100 пайыз дайын. Бүгінгі таңда үш қазандық агрегаты іске қосылды.
Одан кейін облыс әкімі тазартылған су желісінің құрылыс барысын тексерді. Жұмыстар 90 пайыз орындалды. 5000 метр құбыр тартылды, электр желілерінің 55 тірегі орнатылды, қазір сорғыларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Асайын Байханов барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтай отырып, жұмыстың жоғары сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, сапар барысында өңір басшысы ЖМ-1 және ЖМ-3 жылу магистральдарын реконструкциялау жұмыстарының аяқталуын тексерді.
28 қыркүйекке дейін мамандар желілерді жуу, толтыру жұмыстарын жүргізеді және гидравликалық сынақтан өткізеді.
Бүгінгі таңда кеншілер қаласындағы 79 әлеуметтік нысанның 75-і және 702 көпқабатты тұрғын үйдің 44-і жылуға қосылған. Қалған әлеуметтік нысандарға 26 қыркүйекке дейін жылу беру жоспарлануда, 1 қазанға дейін көпқабатты тұрғын үйлерді қосу міндеті қойылды.
Өңір басшысы барлық 702 көпқабатты тұрғын үйді және үш әлеуметтік нысанды жылуға қосуды мерзімінде аяқтауды, желілерде анықталған ақауларды жою бойынша жұмыстарды жедел және сапалы орындауды, сондай-ақ, қазан айының соңына дейін ЖМ-1, ЖМ-3 аумақтарына абаттандыру жүргізуді тапсырды.