Павлодар студенті мұғалімдердің кәсіби деңгейін бағалайтын жүйе ойлап тапты

Павлодар студенті мұғалімдердің кәсіби деңгейін бағалайтын жүйе ойлап тапты
Фото: автор

Жарысқа тоғыз жас IT-команда қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қазақстанда Цифрландыру күніне орай С. Торайғыров университетінде Startup Battle атты жарыс ұйымдастырылды. Бұл іс-шараны Pavlodar hub және С.Торайғыров университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Pavlodar hub-тың жетекшісі Нұргүл Джұмадиева атап өткендей, байқауға 30-ға жуық өтінім түскен, алайда ең үздік, өміршеңдігі дәлелденген тоғыз жоба ғана финалға өткен.

– Әрқайсысы өздерінің MVP – минималды өміршең өнімін таныстырды. Жүлде қоры – 200 мың теңге, ол ақша команда арасында бөлінеді: 100, 60 және 40 мың теңгеден, – деді ұйымдастырушы.

Қазылар алқасының құрамында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының орынбасары Самал Хамитова, Торайғыров университетінің стратегиялық даму, интернационалдандыру және цифрландыру жөніндегі проректоры Салтанат Әубәкірова, сондай-ақ IT және бизнес саласының өкілдері болды.

Нұргүл Джұмадиеваның айтуынша, жобалар бірнеше негізгі критерий бойынша бағаланады. Атап айтқанда, өзектілік пен инновациялық шешім, өміршеңдігін дәлелдеу, масштабтау әлеуеті және жобаны таныстыру сапасы бойынша қаралды. 

– Біздің мақсат – тек жеңімпазды анықтау ғана емес, шынайы жүзеге асуы мүмкін идеяларды қолдау. Жеңімпаздар әрі қарай инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларға қатысып, өз жобаларын тестілеу, нарыққа шығару және заңды тұлға ретінде тіркеу мүмкіндігіне ие болады, – деді ол.

Жарыстың ең қызықты жобаларының бірі – «Mugalim Pipe» платформасы. Бұл – мұғалімдердің кәсіби қабілеттерін жасанды интеллект арқылы талдайтын жүйе.

Жобаның авторы – педагог мамандығында оқитын студент Мирас Жандарбеков. Ол идеяның қалай пайда болғанын былай түсіндірді.

– Мектепте кей мұғалімдердің тәжірибесі мол болғанымен, сабақтары қызықсыз өтетін. Сол кезде ойландым: неге педагогтардың кәсіби дағдылары нақты бағаланбайды? Сондықтан біз «Mugalim Pipe» арқылы мұғалімнің мықты және әлсіз тұстарын анықтап, кәсіби дамуға бағыт беретін құрал жасадық, – дейді жоба авторы.

Мирастың командасы төрт адамнан құрылды: фронтенд және бэкенд әзірлеушілер, менеджер және PR-маманы. 

Олар алғашқы нұсқасын небәрі екі аптада жасап шыққан. Қазір жоба деректер базасында сынақтан өтіп жатыр. Болашақта команда платформаны  Ғылым және жоғары білім министрлігімен және жеке оқу орталықтарымен интеграциялауды көздейді.

– Қазір жүйе тест режимінде, кейін мұғалімдерге жеке профильдер мен есептер қосылады. Алғашқы кезеңде біз жобаны оқу орталықтарына ұсынбақпыз, кейін мемлекеттік деңгейде енгізуді жоспарлаймыз, – деді стартап иесі.

Торайғыров университетінің проректоры Салтанат Әубәкірова стартап-баттлдың елдегі Цифрландыру күніне арналған үлкен бағдарламаның бір бөлігі екенін атап өтті.

– Жалпы төрт бағыт бойынша шаралар өтті: өндірістегі жасанды интеллект, энергетика факультетінің хакатоны, оқытушыларға арналған цифрлық платформалар және стартап-баттл. 350-ге жуық адам қатысты. Бұл – жастардың цифрлық технологияларға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді, – деді ол.

Салтанат Әубәкірова атап өткендей, жобалардың шамамен жартысы білім беру саласына қатысты болды.

– Бүгінде жастар жақсы түсінеді: білімсіз және цифрлық дағдысыз болашақ жоқ. Иә, жасанды интеллект көмекші құрал, бірақ адамды ешқашан алмастырмайды. Негізгі рөл – мұғалім мен маманның өзінде, – деді проректор.

Startup Battle шарасы тек жарыс емес, жас инноваторлар үшін нағыз тәжірибе алаңы болды.

Фото: Торайғыров университет