Павлодарлықтар чек ұсынып, смартфон ұтып ала алады
Сондай-ақ басқа да бағалы сыйлықтар ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасының мәліметінше, елімізде 2024 жылдың 4 қыркүйегінен 31 желтоқсанына дейін жыл сайынғы «Чек талап ет – жүлде ұтып ал» республикалық акциясы өткізіледі.
– Еліміздің әрбір тұрғыны кез келген сатып алу немесе ақылы қызмет алу арқылы смартфон және басқа да бағалы сыйлықтардың иегері бола алады. Науқанға қатысу үшін «Amian» мобильді қосымшасында тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге ақы төлегені үшін чектерді тіркеу қажет. Акцияға деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналарының чектері қатысады, – дейді басқармада.
Акцияны өткізудің негізгі мақсаттары азаматтық белсенділікті арттыру, халықтың салықтық сауаттылығын дамыту, тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді тұтынушылар ретінде өз мүдделерін қорғау мәселелері бойынша азаматтардың құқықтық мәдениетін тәрбиелеу, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту болып табылады.