Павлодарда онкологиялық ауруларға байланысты барлық скринингтер тегін болады

Павлодарда онкологиялық ауруларға  байланысты барлық скринингтер тегін болады
Константин Шелковтың фотосы

МӘМС жүйесіне жаңа өзгерістер енгізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы басты міндеттердің бірі – тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен толық қамту және ауруларды ерте сатыда анықтау арқылы олардың алдын алу. Осы мақсатта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жаңа өзгерістер енгізілуде. Бұл өзгерістер халықтың денсаулығын қорғауға және медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған.

2026 жылдан бастап Қазақстанда онкологиялық ауруларға қарсы скринингтер барлық азаматтарға тегін ұсынылатын болады. Бұған дейін онкоскринингтің бірінші кезеңі ғана кепілдік берілген тегін медициналық көмек пакетіне сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар ала алатын негізгі медициналық қызметтердің жиынтығына кіріп, екінші кезеңі тек сақтандырылған азаматтарға ғана көрсетілетін. Осы шектеудің салдарынан көптеген адамдар тексерулерін толық аяқтамай, ауру асқынған кезде ғана дәрігерге жүгінетін. Жаңа өзгеріс бұл кедергіні жояды. Енді онкологиялық ауруға күдік болған жағдайда, науқастар мәртебесіне қарамастан толық тексеруден өте алады.

–  Скринингтердің қатарына сүт безі, тоқ ішек, жатыр мойны обырын анықтау, сондай-ақ вирустық гепатиттер, жүрек талмасы, инсульт, психикалық және сирек кездесетін аурулар сияқты әлеуметтік маңызы бар дерттерге қатысты тексерулер енеді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу ісі және алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімінің басшысы Тоғжан Ғабдұлғазизова. 

Бұл тексерулер ерте кезеңде анықталатын болса, емдеу нәтижесі де анағұрлым сәтті болады. Медициналық статистикаға сүйенсек, қатерлі ісік аурулары ерте кезеңде анықталғанда бес жылдық өмір сүру деңгейі бірнеше есе жоғары болады.

Келесі жылдың басынан бастап амбулаториялық диализ, созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық ем сияқты қызметтер МӘМС аясында тегін көрсетіледі. Бұл – көптеген ауыр сырқатпен өмір сүріп жатқан адамдар үшін үлкен қолдау.

Жаңа заңнама тұрғындардың барлығын, әсіресе әлеуметтік әлсіз топтарды толық медициналық қорғаумен қамтуды мақсат етеді. Сонымен қатар, ерікті түрде сақтандырылмаған адамдармен жергілікті билік пен медицина мекемелері жеке жұмыс жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын жандандырып отыр. Бұл да елдің сақтандыру жүйесіне қатысу деңгейін арттыруға оң әсер етуде.