Павлодарда қазақ тілін үйрететін курс өз жұмысын бастады
Шара қатысушыларды қазақ тілінде жиі кездесетін сөздерді қолдана отырып, еркін және дұрыс сөйлеуге үйретуді көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында қазақ тілін үйренуге ниетті азаматтарға арналған тегін тіл курсының алғашқы маусымы басталды.
Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде барлық санаттағы азаматтар үшін жыл сайын қазақ тілін тегін оқыту курстарын өткізеді.
- Осыған орай 22 қаңтардан бастап «Ана тілі» орталығында жоғарыда аталған Тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында барлық санаттағы азаматтарға арналған тегін қазақ тілі курстарының бірінші маусымы бастау алды. Курстың мақсаты – тыңдаушыларды қазақ тілінде жиі кездесетін сөздерді қолдана отырып, еркін және дұрыс сөйлеуге үйрету, сондай-ақ қазақ тілінің орфографиялық, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық нормаларын меңгерту болып табылады, - делінген хабарламада.
Аталған курсқа тілді меңгеру деңгейі әртүрлі және әртүрлі жастағы тыңдаушылар қатысуда. Тілді оқыту қарапайымнан күрделіге дейінгі деңгейлер бойынша жүргізіледі. Сабақтар аптасына бес рет, екі ай бойы өткізіледі. Курстың соңында тыңдаушыларға сертификат табысталатын болады.
Айта кетелік, тегін қазақ тілі курстарына жазылуға және қосымша ақпаратты 61-84-88 телефоны арқылы алуға болады.
Биыл мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған облыс көлемінде «Тіл керуені», қызмет көрсету өкілдеріне арналған тілдік «Start up», «Қазақ тілі онлайн курсы» және «Жағдаяттық қазақ тілі» атты жобалар мен курстар іске асырылады.