Павлодарлық полицейлер алаяқтарға қарсы әрекет ету жолдарын түсіндірді

Павлодарлық полицейлер алаяқтарға қарсы әрекет ету жолдарын түсіндірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жыл басынан бері 1158 алаяқтық дерегі тіркелген. Оның ішінде 996-сы интернет арқылы жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Полиция қызметкерлері алаяқтардың негізгі мақсаты  азаматтарды түрлі айламен алдап, ақша иемдену екенін ескертеді. Соңғы уақытта онлайн алаяқтық түрлері көбейіп отыр. Алаяқтар өзін банк, құқық қорғау органының немесе қызмет көрсетуші компанияның өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректерін алдап сұрап алады.

Тұрғындарға банк немесе байланыс операторынан келген SMS-кодтарды ешкімге айтпауға, жеке деректерді, банк картасы мен шотыңыздың мәліметтерін бөтен адамдармен бөліспеуге, банктік картаңызды басқа біреуге бермеуге, өз атыңызға белгісіз адамдардан ақша қабылдамауға, интернет-дүкендерден тапсырыс бермес бұрын пікірлер мен сенімділігін тексеруге кеңес береді. 

– Құқық қорғау органдары мен банктер ешқашан сізден телефон арқылы жеке дерек не ақша аударуды сұрамайды. Қаржылық операциялар жасамас бұрын мәліметтің дұрыстығына көз жеткізіңіз. Үйіңізге бейтаныс адам келсе, есікті ашпаңыз шақырылмағандарға сақ болыңыз. Алаяқтардан азық-түлік, техника, дәрі сатып алмаңыз, кім екенін нақтыламай ақша ұсақтап беруге келіспеңіз, – деп ескертеді полицейлер. 

Алаяқтық  –  қоғам үшін өзекті қауіптің бірі. Цифрлық заманның дамуына байланысты онлайн қылмыстардың саны да артып келеді. Әрбір азамат алаяқтардың құрбанына айналмас үшін сақтық шараларын ескеріп, күмәнді жағдай туындаса, 102 нөміріне дереу хабарласуы қажет.