Павлодарда жастарға қауіпті «жұмыс» ұсынатындардың саны артқан

Павлодарда жастарға қауіпті «жұмыс» ұсынатындардың саны артқан
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Оңай табысқа қызыққандар алдауға тез түсуі мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында есірткі саудасына жастарды тартудың тәсілдері өзгеріп, қылмыстық топтар өздеріне қажетті адамдарды әлеуметтік желілер арқылы іздей бастаған. Жастарға тыйым салынған заттар туралы бірден айтылмайды. Оның орнына «жоғары жалақы», «қосымша жұмыс», «тәжірибесіз де жұмысқа орналасуға болады» деген сияқты ұсыныстар жасалады.

Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Тимиргалиеваның пікірінше, мұндай хабарландырулардың сыртқы сипатына алданып қалмау керек.

– Жас адам өзін қылмыскер ретінде қабылдамауы мүмкін. Ол тек біреудің тапсырмасын орындап, ақша тауып жүрмін деп ойлайды. Алайда есірткіні жасырын жерге апару, белгілі бір орынға қалдыру немесе басқа адамға жеткізу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, – деді ол.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай қылмыстық схемада әкімші, куратор, интернет-дүкен және орындаушы секілді бірнеше буын болады. Жастар көбіне осы тізбектің соңғы сатысына тартылады. Қылмыскерлер оларға аз уақыт жұмсап, қомақты қаражат табуға болатынын айтып, жаңа телефон, брендтік киім немесе өзге де қымбат дүниелерге деген қызығушылығын пайдаланады.

Ирина Тимиргалиеваның айтуынша, интернеттегі жасырын аккаунт адамның заңсыз әрекетін жасырып қала алмайды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық тізбектің өзге де қатысушылары анықталуы мүмкін.

– Өңірде интернет кеңістігін бақылауға ерекше мән беріліп отыр. «Павлодар – есірткісіз қала» қоғамдық бастамасы аясында кибердружина жұмыс істейді. Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарына тұрақты мониторинг жүргізеді, – деді аға жедел уәкілі.

Облыс аумағында соңғы жеті айдың ішінде есірткіге байланысты заңсыз контент таратқан 1500 сайт пен интернет-ресурс бұғатталды. Олардың арасында тыйым салынған заттарды сатуға арналған парақшалармен қатар, жастарды заңсыз іске итермелейтін материалдар да бар.

Жақында осындай қауіпті ұсыныстардың бірін ата-ана анықтаған. Анасы TikTok желісінен үлкен қызына қосымша табыс көзін іздеген. Жарнамада сырт көзге иттерді серуендету сияқты қарапайым қызмет көрсетілген. Алайда сілтемеге өткеннен кейінгі хат алмасу барысында оның шын мәнінде есірткі таратуға қатысты екені белгілі болған.

Полиция бұл жағдай ата-аналардың балаларының интернеттегі белсенділігіне назар аударуы қажеттігін көрсететінін айтады. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға ұсынылатын «оңай әрі жоғары табысты» қызметтердің мазмұнын алдын ала тексерген жөн.

Мамандар заңсыз есірткіге қатысты жауапкершілік тек оны өткізумен шектелмейтінін ескертеді. Тыйым салынған затты сақтау, сатып алу, айырбастау, сыйлық ретінде қабылдау немесе тауып алып өзінде қалдыру да құқықтық салдарға соқтыруы мүмкін. Сондықтан «маған тиесілі емес», «тек жеткізіп бердім» немесе «біреудің затын сақтап тұрдым» деген уәждер жауапкершіліктен босатпайды.

Сонымен қатар, есірткіні заңсыз жарнамалау мен насихаттағаны үшін де қылмыстық жаза қарастырылған. Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес, мұндай әрекеттер үшін үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жаза мерзімі істің нақты мән-жайларына қарай белгіленеді.

Ішкі істер органдарының өкілдері жастарды әлеуметтік желідегі «жұмыс» ұсыныстарын мұқият тексеріп, күмәнді хабарландыруларға бірден сенбеуге шақырады. Күмән тудыратын қызметке кезіккен жағдайда ата-анаға, мұғалімге немесе құқық қорғау органдарына хабарлау жасөспірімнің қылмыстық ортаға түсуінің алдын алуға көмектеседі.