Павлодарда қоқыстың алғашқы партиясы қашан қайта өңдеуге жіберіледі
Қоқыс өңдеу зауытының құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Экологиялық жобаның жүзеге асу барысымен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов танысты.
Мердігер ұйым директорының орынбасары Баян Қасымбаевтың айтуынша, кешен құрылысына қоса құны 1 млрд 200 млн теңге болатын арнайы жабдықтар сатып алынған.
– Жобаға сәйкес мұнда қайта өңдеу цехтары, биогумус шұңқырлары мен өндірістік ғимараттар салынады. Зауыт қоқысты сұрыптап қана қоймай, оның бір бөлігін қайта өңдей алады. Атап айтқанда, пластик, шыны, қағаз және өзге де материалдар өңделеді. Жылына 150 мың тоннаға дейін қалдық қайта өңдеу жоспарланып отыр. Қалдықтардың шамамен 30 пайызы екінші айналымға жіберіледі, 70 пайызы полигондарға жөнелтіледі, ал қалған бөлігі – пластик, тоқыма, қағаз, шыны – қайта өңделеді. Дайын өнім Қазақстан бойынша жөнелтіледі, – деді Баян Қасымбаев.
Облыс әкімі тағам қалдықтарын өңдеу мүмкіндігі туралы сұрап, нысанды іске қосу мерзімдерін нақтылады.
Мердігер өкілінің сөзінше, қоқыстың алғашқы партиясы наурыз айында қайта өңдеуге қабылданады, ал сәуірде кешен толық қуатында жұмыс істей бастайды. Арнайы техника қалдықтарды жеткізіп, олар түрлері бойынша сұрыпталады. Коммуналдық желілер бойынша мәселе жоқ.
– Жоба аясында жасыл белдеу қарастырылған. Біз негізінен жапырақты ағаш түрлерінен 13 мыңнан астам көшет отырғызамыз. Кәсіби биологтармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, ғылыми сүйемелдеу бар, – деп атап өтті ол.
Асаин Байханов жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
– Бұл жоба біздің қала үшін аса маңызды. Бұған дейін қоқысты сұрыптау да, қайта өңдеу де болған жоқ. Пластик, шыны, ағаш, тоқыма, металл – барлығы полигондарға жөнелтіліп келді. Бұрыннан осы бағытта жұмыс істедік. Алдағы уақытта қалдықтардың жартысынан көбін жерге көміп тастамай, қайта өңдеп, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру қажет, – деді облыс әкімі.
Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгеден асады. Зауыт іске қосылғаннан кейін жаңа жұмыс орындары ашылады.
Айта кетейік, бұл кешен Астана мен Қызылордадан кейін елдегі үшінші қоқыс өңдеу жобасы болмақ. Павлодарда қоқыс өңдеу зауытының бірінші кезегін – сұрыптау орталығын салу бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп, экологиялық рұқсат алынған.
Зауытта тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) фракциялар бойынша бөліп, кейінгі қайта өңдеуге бағыттайтын заманауи сұрыптау желісі қолданылады. Түгендеу деректеріне сәйкес, алаңда ластаушы заттардың жеті стационарлық шығарындылар көзі орналастырылады. Олардың барлығы ұйымдастырылған, алтауы нормативтеуге жатады. 2025 жылғы құрылыс кезеңінде атмосфераға шығарылатын заттардың жалпы көлемі 18,5 тонна болады.
Кәсіпорын қызметі нәтижесінде жыл сайын 27,8 тонна қалдық төрт атау бойынша түзіледі. Алты фракция – пластик қаптама, қағаз, картон, қара металдар, алюминий банкалар мен пластик қайта өңделеді. Тағам қалдықтары компосттау алаңына жіберіліп, өңдеуден кейінгі органикалық қалдықтар абаттандыру жұмыстарына пайдаланылады.
Жыл сайын Павлодар облысында шамамен 300 мың тонна қалдық түзіледі, соның тек үштен бірі – 100 мың тоннаға жуығы ғана қайта өңделеді. Өңірде 321 ТҚҚ полигоны бар, олардың тек төртеуі ғана экологиялық талаптарға сай. Қалдықтарды басқару мәселесі өңірде тұрақты түрде талқыланып келеді.