Павлодар облысының ТЖД басшылығы: Көрші облыстардан су келу қаупі бар

Павлодар облысының ТЖД басшылығы: Көрші облыстардан су келу қаупі бар
Фото: Константин Шелков

Құтқарушылар еріген қар суымен күресуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс бойынша Ақсу қаласында, Ақтоғай, Успен, Ертіс, Шарбақты және Тереңкөл аудандарында су тасқынына қарсы 10 учаске бақылауда тұр.

Су тасқыны басталғаннан бері қардың еруі мен қатты нөсер жаңбырдың салдарынан 18 тұрғын үй су астында қалды. Қазіргі уақытта 8 үйден су шығарылды, жұмыстар Ақтоғай және Успен аудандарындағы 10 үйде жалғасуда.

– Су тасқыны жағдайы солтүстікке қарай жылжиды. Су көршілерден келу қаупі бар. Әзірге разряд нормадан жоғары. Олардан су келсе, қосымша елді мекендерді су басу қаупі төнуі мүмкін. Әзірге қолымызда бармен күресіп жатырмыз,– дейді Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Олег Трещев.

Арнайы комиссия барлық су басқан үйлерге келтірілген залалды бағалау жұмыстарына кірісті. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша барлық зардап шеккендерге облыс бюджетінің резервінен және бюджеттен тыс қаражат есебінен көмек көрсетілетін болады.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 399 адам, 130 бірлік техника, 44 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылған.

– Бізде күш жеткілікті. Жоспар бойынша 1700 адам аталмыш жұмыстарға жұмылдырылуы мүмкін. Әзірге төрт жүзге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Қазір Успен, Шолақсор және Шарбақты ауданында 42 шағын және 4 үлкен мотопомпа бар. Бұл мотопомпа секундына 110 литр су сорады, – дейді Олег Трещев.

Үш тәулік ішінде 1,7 миллион  текше метрден астам еріген су сорылды, 7,5 мың тонна инертті материал төгілді және 8 мыңнан астам қапшықтар салынды.

Су тасқынына қарсы жағдайлар бойынша нақты шешімдерді үйлестіру және қабылдау мақсатында өңір басшысының басшылығымен облыстық жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, осындай штабтар облыстың барлық қалалары мен аудандарында ұйымдастырылды.