Павлодар облысы өзен-көлдеріне 50 мыңнан астам балық жіберіледі
Өңірдің балық ресурстарының биоалуантүрлілігін жақсарту бойынша жұмыстар 2021 жылдан бастап жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылы облыстың балық шаруашылығы су айдындарына балық жіберу арқылы өсiмiн молайту мақсатында 51 мың дана, атап айтқанда, ақмарқа және тұқы тұқымдасын жіберу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы 20 миллион теңгеден астам қаражат бөлген. 2021 жылы бастау алған жұмыстардың нәтижесінде 22 мың дана ендігі жіберілген.
Зайсан – Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Павлодар облысы бойынша балық инспекциясының бөлім басшысы Самал Темірболатованың айтуынша, балық жіберу жөніндегі жұмыстарды жануарлар дүниесін пайдаланушылар шарттық міндеттемелерді орындау шеңберінде, сондай-ақ шаруашылық субъектілері шаруашылық қызмет нәтижесінде балық ресурстарына келтірілген өтемақыны өтеу шеңберінде жүргізеді.
– Бүгінгі күнде балық жіберу бойынша жұмыстарды 13 пайдаланушы жүргізді. Олар төрт миллион теңгеден астам сомаға бір миллион данадан астам балық жіберді, – деді Самал Темірболатова.
Сондай-ақ, өтемақыны өтеу шеңберінде екі шаруашылықпен шамамен 2,5 миллион теңге сомаға 19 235 дана осы жылғы тұқы балығы жіберілген. Оған қоса, Ертіс өзенінің биологиялық әртүрлілігін қолдау мақсатында мамыр айында өңірдегі кәсіпорындардың бірі екі мыңнан астам біржылдық сібір бекіресін жіберген болатын.
– Осы жылдың қазан айында «Қазақстан су жолдары» сібір бекіресінің 900-ден астам екі жасар балығын жіберуді жоспарлап отыр, – деді балық инспекциясының бөлім басшысы.
Айта кетерлігі, облыс бойынша заңсыз балық аулау бойынша бүгінгі таңда инспекциямен 160 құқық бұзушылық анықталған. Құқық бұзушыларға жалпы 3,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Нәтижесінде 900 келіден астам балық тәркіленген, оның көбі мөңке балығы.